Жаңалықтар

Қызылжарлық «Гәкку» Санкт-Петербургті бағындырды


Петропавл қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің «Гәкку» би ансамблі Халықаралық «Без границ» балалар мен жасөспірімдер ұлттық шығармашылығы байқауына қатысып, бірінші орынды иеленді.

Осымен 16-шы рет Ресей Федерациясының Санкт-Петербург қаласында ұйымдастырылып отырған өнер додасы жыл сайын бір сахнада Ресейдің түкпір-түкпірі мен көршілес мемлекеттерден жиналған шығармашылық ұжымдардың басын қосады. Биыл Қазақстан намысын зияткерлік мектеп оқушыларынан құралған «Гәкку» ансамблі қорғады. Петропавлдық бишілер Ресейдің Ленинград, Белгоград, Архангелька облыстары мен Адыгея Республикасы мен Белорусьтен келген ұжымдармен сынға түсті. Сахнада жалпы саны 42 команда өнер көрсетті.

– Байқау жоғары деңгейде өтті. Қатысушылардың қабілетіне тәнті болдым. Әсіресе көздің жауын алар костюмдер көңілімнен шықты. Мен жаңа адамдармен танысып, ұмытылмас әсер алдым. Тамаша атмосфера салтанат құрған әдемі кештің кәусі болдым, – дейді Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Дана Мамбетова.

«Гәкку» би ансамблінің жетекшілері Розалия Гайнанова мен Виктория Тихонькова байқауға үлкен жауапкершілікпен дайындық жүргізгендерін атап өтті. Ұстаздардың еңбегі еленіп, тәрбиеленушілері қазылар алқасының жоғары бағасын алды. Сыншыларға әсіресе сахнадағы жоғары деңгейдегі шеберлік пен қазақ халқының ұлттық билерін орындаудағы кербездік пен икемділіктің әдемі үйлесім тапқаны ұнаған.

– 16-шы Халықаралық «Без границ» байқауына қатысу арқылы Ресейдің тарихи астанасы Снкт-Петербург топырағына табаным тигеніне қуаныштымын. Ұмытылмас сапар болды. Әсіресе Екатерина сарайы мен Эрмитаждағы саяхат ұнады. Санкт-Петербургте жаңа достар таптым. Болашақты сайысқа баратын елдердің тізімі көп болатынына, басқа да мемлекеттерге жол түсетініне сенімдімін, – дейді Айза Исенеева.
Сондай-ақ, ансамбль «Қара жорға» биін орындап, ұлттық өнерді сақтап, дамытуға қосқан үлесі үшін дипломмен марапатталды.



Қаралым: 27
Жарияланған: 07 Қараша