Жаңалықтар

Зияткерлер жаңа достар тапты


Қараша айының алғашқы күнінде Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары «Атамекен» отбасылық үлгідегі балалар ауылының тәрбиеленушілерін мектепке қонаққа шақырып, спорттық эстафета ұйымдастырды.

«Қоғамға қызмет» жобасы аясында өткен шараға «Ақмешіт» Шаңырақ қауымдастығының оқушылары мен дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері қолдау білдірді. Шаңырақ белсенділері мен өзін-өзі басқару ұйымының мүшелері «Атамекен» отбасылық үлгідегі балалар ауылының оқушыларына мектепті аралатып, оқу кабинеттері мен тақырыптық үйірме жұмыстарымен таныстырды. Содан соң спорттық аулаға шығып, көңілді эстафетада сайысқа түсті. Жеті оқушыдан құралған бес команда бес кезеңде түрлі жаттығулар жасау арқылы денелерін шынықтырды.

– Бұл сайыс жеңімпаздарды аңықтау үшін емес, балалардың достық қарым-қатынасын нығайту және екі ұйым арасында берік байланыс орнату үшін өткізілді. Балалардың бойында өзгеге деген сыйластық, жауапкершілік, көшбасшылық секілді қасиеттер қалыптасты, – дейді жоба жетекшісі, Зияткерлік мектептің педагог-ұйымдастырушы-кураторы Малика Маратқызы.

Қызықты әрі көңілді өткен шара мектеп асханасында тәтті шәй үстінде қорытындыланды. Үздіктер алғыс хаттармен марапатталса, ұйымдастырушылар келген қонақтарға естелік сыйлықтар үйлестірді. Өздеріне жаңадан дос тапқан жас өрендер алдағы уақытта бірлескен шараларда кездесуге уәделесті.

 



Қаралым: 27
Жарияланған: 06 Қараша