Жаңалықтар

Критериалды бағалау: теориядан тәжірибеге


Педагогикалық өлшеулер орталығының Критериалды бағалау мамандары Өскемен және Семей қалаларында  жаңартылған білім беру мазмұны аясында оқушылардың оқу жетістіктерін критериалды бағалау мәселелеріне арналған семинар өткізді. Семинар мақсаты – бағалау рәсімін тиімді ұйымдастыру мен өткізу мәселелері бойынша талқылау алаңын құру; бағалау құралдарын құрастыру мен қолдану бойынша мұғалімдердің тәжірибелік дағдыларын жетілдіру. Семинар жұмысына Өскемен және Семей ққ. жалпы білім беретін мектептерінен барлығы 350-ге жуық мұғалімдер мен мектеп үйлестірушілер қатысты.

Семинар барысында: 

–     критериалды бағалау жүйесінің мазмұны мен құрылымы;

–     критериалды бағалау бойынша үйлестірушілердің қызметі; 

–     қалыптастырушы және жиынтық бағалау бойынша бағалау құралдарын құрастыру мен қолдану;

–     9-сынып білім алушыларының қорытынды аттестаттауын ұйымдастыру мен өткізу сияқты маңызды мәселелер қарастырылды. 

Семинар барысында педагогтер күнделікті тәжірибеде туындаған сауалдарына жауап ала алды. Критериалды бағалау жүйесіндегі мектеп үйлестірушілерінің қызметіндегі ерекшеліктерді талқылай отырып, қатысушылар ықтимал қауіптер мен олардың алдын алуға болатын шараларды қарастырды.

Мұғалімдер 9-сынып оқушыларын қорытынды аттестаттау бойынша Орталықтың ұсынған ақпаратын үлкен қызығушылықпен қабылдады. Педагогтер ұсынылған форманың жаңартылған жүйе бойынша білім алушыларды сыныпта бағалау тәжірибесіне сәйкес келетіндігін тілге тиек етті.

Семинарды ұйымдастыру мен өткізуге қатысқан барлық мамандар, жалпы алғанда, жаңартылған білім беру мазмұнына, білім алушылардың оқу жетістіктерін критериалды бағалауға қатысты мұғалімдер тарапында үлкен өзгерістердің барын байқағандықтары туралы қорытындыға келді. Мұғалімдердің барлық іс-әрекет түрлеріне бей-жай қарамай, шабыттана қатысулары қуантты. «Семинар өте пайдалы және мазмұнды болды» немесе «Семинардың бір күндік болғаны өкінішті» деген сияқты пікірлер мұғалімдердің жаңа бағалау жүйесінің және тұтастай жаңартылған білім беру жүйесінің артықшылықтарын түсіне бастағандықтарын көрсетіп, көңілге үміт ұялатады. Сонымен қатар әріптестердің жұмыс барысында қандай қиындықтармен бетпе-бет келетіндіктері назар аудартпай қоймайды. Мысалы, «Күнделік» бағалау жүйесі бойынша өте көп сұрақтар болды, педагогтер қалалық, аудандық білім бөлімдері мен мектеп әкімшіліктері және т.б. қызметтеріндегі сәйкессіздіктерге наразылықтарын білдірді. Сеинарға қатысушылардың көпшілігін білім алушылардың ата-аналары тарапынан жаңа бағалау жүйесін түсінбеулері мен қабылдамаулары алаңдатады. Орталық мамандары педагогтермен бірлесе сындарлы әгімелесу барасында олардың туындаған сұрақтарына жауап беруге бар күштерін салды.

 

 

 



Қаралым: 39
Жарияланған: 05 Қараша