Жаңалықтар

Гиннес кітабына енген Розали Лопес елордалық ФМБ NIS


Нұр-Сұлтан қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде әлемге танымал астроном және  жанартаутанушы  ғалым,  доктор Розали Лопеспен кездесу өтті. Жас зияткерлер әлемдегі белсенді жанартауларды ең көп зерттеген ғалым ретінде Гиннестің рекордттар кітабына енген адаммен жақынырақ танысты.

Жанартаулар мен ғаламшарлар геологиясымен айналысатын Доктор Лопес НАСА-ның Кассини және  Галилео жобаларын жүзеге асыратын   реактивті қозғалыс зертханасының аға ғылыми қызметкері болып жұмыс істейді. Розалия ханым  – ғарыш саласында шығатын ғылыми Icarus журналының редакторы болған бірінші әйел,  125 ғылыми жұмыс жариялаған зерттеуші  ғалым. Ол «Путеводитель по вулканам», «Вулканы: руководство для начинающих», «Вулканические миры: исследование вулканов Солнечной системы», «Чужие вулканы»  атты сегіз кітаптың авторы.

Кездесу барысында  американдық ғалым оқушыларға өзінің өмір жолы туралы, Бразилияда туған, ғарышты тануға құмар қыздың арман қуып, ғылымға қалай келгені туралы баяндап берді. Сондай-ақ таныстырылым барысында ол жанартаулар туралы,  НАСА-ның ғылыми ізденістері мен зерттеулері туралы қызықты ақпараттармен бөлісті.  Оқушылар Cassini зонды түсірген алыстағы планеталардың суреттерін қызыға қарап, Сатурн планетасын зерттеген американдық  автоматтандырылған Кассини станциясының жұмысы туралы беріле тыңдады. 

Жанартаутанушы ғалым Сатурн планетасының ең ірі серігі Титандағы мұз жанартаулары, Cassini зондының Сатурнға жеті жылда ғана ұшып жеткені, Юпитердің Ио серігінде белсенді жанартаулар мен лава көлдерінің көптігі туралы келтірген қызықты деректері оқушыларды таң қалдырды.  

Доктор Лопес оқушылар қойған «Марста тіршілік бар ма?»,  «Ғарыштағы кеме қалдықтарын қалай жинауға болады?», «NASA мен SpaceX айырмашылығы неде?», «Жер планетасына қандай қауіп төнуі мүмкін? » деген сұрақтарға жалықпай жауап берді.

Кездесу соңында белгілі ғалым, астроном зияткерлермен бірге естелік суретке түсіп, қолтаңба таратты.

 



Қаралым: 69
Жарияланған: 19 Қазан