Жаңалықтар

Оқушыдан ғалымға


Өскемен қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12 сынып оқушысы Аяулым Сейітқамзина «Тұқымдарды инкрустациялауға арналған органоминералды препарат» жобасына патент алды.

Оқушы биология ғылымдарының докторы Александр Воробьев пен биология пәні мұғалімі Алма Тұңғышпаевамен жұмыс істеген.

Аяулым Сейітқамзинаның жобалық жұмысы – тұқымдардың шығымдылығын және ойлап табылған экологиялық таза, құны арзан өсім үдеткіші көмегімен өнімділікті арттыруды мақсат етеді.

Аяулым жобасын 9 сыныпта бастап, үш жылдық зерттеу жұмысы барысында 2500 тұқым еккен.

– Негізгі жұмыс сынақ жүргізуге толық жағдай жасалған мектеп жылыжайында өтті, – дейді жас ғалым. – Үдеткіштің өндірістік технологиясы қалдықсыз жүзеге асады, ауыр құрылғыларды талап етпейді.

Бентонит пен автолизат ашытқысынан тұратын өсімдіктің өсуін реттеуші препарат экологиялық таза және ұтымды. Тұқым сапасын арттырып, оның айналасына бекінеді, ылғалды ортада ісінуін қамтамасыз етеді, микро және макроэлементтер иондары алмасуы жүргізіп, топырақтағы ауыр металлдарды сіңіреді.  

Ойлап табылған препаратты аграрлы секторда пайдалану өсімдіктердің өнімін арттырып, экологиялық таза түсім алуға мүмкіндік береді.

Аяулым Сейітқамзина өз жұмысын 20-шы Жалпыресейлік балалар мен жастардың «Созвездие» оқу және ғылыми-зерттеу жобалары олимпиадасында қорғады.

 



Қаралым: 62
Жарияланған: 18 Қазан