Жаңалықтар

Ақтөбедегі зияткер оқушылар мобильді қосымша үшін авторлық құқыққа ие болды


Ақтөбе қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары «DeRey» мобильді қосымшасын жасауға авторлық құқық алды.

Әмина Тоғай, Айжан Ғұбайдолла, Ақмарал Қабиева және Дина Дәулеталина төтенше жағдайлар қызметіне қоңырау шалу функциясын қамтитын мобильді қосымша әзірледі. Қолдану принципі өте қарапайым: экранда қажетті қызметті таңдап, қоңыраудың себебін көрсету керек, орналасқан жері автоматты түрде анықталады немесе мекен-жайды енгізуге де болады. Нәтижесінде өтініш қабылданып, көп ұзамай арнайы қызметтер көмекке келеді.

– Бір жыл бұрын Ақтөбеде жедел жәрдем келгенге дейін жеті жасар қыз қайтыс болған жағдай болды. Диспетчер қоңыраудың жеделдігін қате анықтағаны белгілі болды. Осыдан кейін бізде адам факторының қауіпін мүмкіндігінше жоюға болатын қосымшаны ойлап табу идеясы пайда болды, – деді Әмина.

Сонымен қатар, жобаны авторлары қосымшаның сөйлеу қабілеті бұзылған адамдар үшін де маңызды екенін атап өтті.

– Көмек сұраған күннің өзінде оларды үнемі түсіне бермейді. Сол себепті бұл қосымшаның көмегімен пайдаланушы мәселені өзі тез арада шеше алады, – деді Айжан Ғұбайдолла.

Жоба жедел жәрдем қызметкерлеріне және пайдаланушыларға арналған екі қосымшадан, жеке веб-сайттан, сондай-ақ барлық ақпарат сақталатын мәліметтер базасынан тұрады. Болашақта қыздар дененің 3D моделі мен Expert system сияқты қосымшаларды қосуды жоспарлап отыр. Expert system – төтенше жағдайлар қызметі келгенге дейін не істеуге болатын және болмайтын нұсқаулықтар мен кеңестер жазылған жүйе.

Жоба Зияткерлік мектептің информатика пәні мұғалімі Асқар Бедердің жетекшілігімен жүзеге асырылуда.

– Жобаны бастау үшін әртүрлі қызметтермен ынтымақтастық қажет. Қазіргі уақытта бір емханамен келісім бар, - деді жоба менеджері Асқар Бедер.

– Сондай-ақ, біз адамдар ғаламторға кірмей, қосымшаны пайдалана алатындай арнайы мүмкіндік беретін компаниялармен жұмыс істегіміз келеді, – деді оныншы сынып оқушысы Дина Дәулеталина.

 



Қаралым: 57
Жарияланған: 18 Қазан