Жаңалықтар

Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады


Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары жаңа мектеп рекордын орнатты.  Мақал-мәтелдер сайысында жас зияткерлер 60 секунд ішінде «Білім мен достық» тақырыбында 40-тан астам мақалдарды жатқа айтты.

Бұл ерекше сайыс Назарбаев Зияткерлік мектептер желісінде жаңа  оқу жылында бастау алған «Менің өмірімде қолданылатын мақал-мәтелдер» жобасы аясында өткізілді.  Мақсаты жас ұрпақтың бойына ата-бабамыздан қалған өшпес мұра - мақал-мәтелдерді насихаттау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және келелі ой мен кең мазмұнды мақал-мәтелдерді өмірде қолдануға үйрету арқылы оқушылардың тіл байлығын арттыруға бағытталған.

Таңғы жиын кезінде «Шаңырақ» мектеп қауымдастығы  «Білім мен достық» туралы кім көп мақал білетіндігін тексеріп көрді. Ойын шарты бойынша, әр командадан шыққан екі оқушы бір минут ішінде неғұрлым көп мақал айтуы тиіс болатын. Нәтижесінде «Күлтегін» шаңырағының жас өрендері бабамыздан қалған 43 өсиет сөздермен қарсыластарынан алға озып, жеңімпаз атанды.  

«Мақал-мәтелдер – ұрпақтар тәжірибесінен сыр шертеді. Әрқайсысында тәрбиелік мәні бар. Мектепте қолға алынған мұндай жоба бізді көне нақыл сөздерді таным білуге және сөйлеу барысында оларды қолдана алуға үйретеді», – деді байқауға қатысушы Ринат Керімсал.

Айта кету керек, әр айда білім алушылар мен ұстаздар белгілі тақырыпта мақал-мәтелдерді жаттап, олардың мағынасы мен маңыздылығын саралайды. Өткен айында мектеп қауымдастығы отан, ел, жер тақырыбында мақалдарды танып білсе, қазанда оқу, білім, ғылым мен достық туралы ұлы адамдардың нақыл сөздерімен білім қоржындарын толықтырды.



Қаралым: 44
Жарияланған: 17 Қазан