Жаңалықтар

«Ұстазыма махаббатпен» хаты Жетісу өңіріне келіп жетті


«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинованың «Ұстазыма махаббатпен» мерекелік құттықтау хаты өз адресатына жетті.

«Ұстаздар күні» қарсаңында Шагиметова Ұлболған Қасыбекқызы үшін Күләш Ноғатайқызының атынан келген құттықтау хаты мен «Білімді ел – Образованная страна» республикалық газетіне бір жылдық сертификаты жағымды тосын сый болды.

70-жылдары Ұлболған Қасыбекқызы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі әрі Күләш Шәмшидинованың сынып жетекшісі болатын. Ол кезде жас Күләш небәрі 5-сыныпта Шұбар ауылындағы Нұрмолда Алдабергенов атындағы мектеп-интернатында оқитын. Үш жылдан кейін педагогикалық кеңестің шешімімен Алматы қаласына жолдама алып, дарынды балаларға арналған мектепте оқуын жалғастырды, бірақ Ұлболған Қасыбекқызы үшін Күләш Шамшидинова өміріндегі ең үздік оқушыларының бірі болып қала берді.

- Куләш сынып старостасы және үздік оқушы болатын. Нәзіктігіне қарамастан, мықты мінезді және өткір ойлы еді. Мен ұстаз ретінде өз шәкірттерімді жақсы білетінмін және менің Күләшім болашақта үлкен биіктерге жететініне сендім. Өз шәкірттерінің жетістіктерін көру, олардың алғысын алу - кез-келген мұғалім үшін ең үлкен сый, - деп Ұлболған апа өз естеліктерімен бөлісті.

Ұлболған Қасыбекқызы - қазір зейнет демалысында, 12 немересі мен 5 шөбересі бар. Бос уақытында ән айтқанды ұнатады, сонымен қатар Талдықорған қаласының ардагерлер хорының мүшесі.

 


 



Қаралым: 85
Жарияланған: 08 Қазан