Жаңалықтар

WRO – 2019: бірінші күн


Павлодар қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде робототехника бойынша Ұлттық чемпионаттың бірінші күні аяқталды.

Биыл алғаш рет «WRO 2019» облыс орталығында өтуде, оған дейін чемпионат үнемі елордада ұйымдастырылатын.  2019 жылғы 27 сәуірде Павлодар облысындағы жарыстың аймақтық кезеңіне Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысқан еді.

Робототехника саласындағы басты республикалық іс-шараның ашылу салтанатында Павлодар қаласының әкімі Әнуар Күмпекеев қатысты. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы Басқарма төрайымының орынбасары Азамат Жанкеев  «Бастау» батырмасын басып, жарысты салтанатты түрде ашты.

Ертіс өзенінің бойында орналасқан әсем қалада еліміздің түкпір-түкпірінен барлығы 240 жас робототехник жиналды. WRO төрт санат бойынша өтіп жатыр: «Негізгі», «Шығармашылық», «Роботтар футболы» және «Jasampaz». «Jasampaz» арнайы қосымша санаты 2019 маусымның басты тақырыбы – «Smart City» тақырыбына арналып отыр. Сондықтан да оқушылардың барлық жобалары қала  өміріндегі ақылды технологияларға арналған. Қазылар алқасы назарына жаңа қала құрылысы шешімдері, ақылды автотұрақтар мен дәріханалардың жобалары, экология, қауіпсіздік және басқа да өзекті мәселелерді шешуге бағытталған идеялар ұсынылды.

Жыл сайын ауылдық жерлерден келетін жас робототехниктер саны ұлғаюда. Биылғы жылы WRO-ға «Robotech» (Павлодар облысы Баянауыл ауданының Майқайың кенті) және «RoboReBoot» командалары (Алматы облысы Алакөл ауданының Жыланды ауылы) қосылды.

Дәстүр бойынша чемпионатқа НЗМ-ның ең жарқын оқушылары беделді халықаралық және республикалық жарыстардың жеңімпаздары қатысады. Оның ішінде, Нұрдәулет Таумергенов – «Yakutsk International Science Fair-2018» Гран-приінің иегері, Софья Кокорина (негізгі кіші категориядағы әлемдік топ-10 қатарына кіреді), Қуаныш Мәден – робототехника бойынша түрлі конкурстардың бірнеше дүркін жеңімпазы, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ-ның 10 жылдық мерейтойында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзіне «Робот-трубочист» жобасын таныстырған болатын.

Әлемдік чемпионатқа іріктеу кезеңінде еліміздің үздік робототехниктерінің есімдері ертең белгілі болады. Дүниежүзілік олимпиада биылғы жылы 14-16 қарашада Венгрияның астанасы – Будапешт қаласында өтеді деп жоспарлануда.

 



Қаралым: 141
Жарияланған: 27 Маусым