Жаңалықтар

Үндістан Елшілігінің сыйлығы


Нұр-Сұлтан қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебіне Қазақстандағы Үндістан Елшілігінің Бірінші Хатшысы доктор Санджай Гарт келді.

Экскурсия барысында қонақ елордалық НЗМ-мен танысып, оның оқушыларымен кездесті. Санджай Гарт мырза тәрбиеленушілерге Үндістан тарихының негізгі кезеңдері жайлы айтып берді.

– Үндістан мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас ғасырлар бойы жалғасып келеді. Екі ел бір-бірінен алыс орналасқанмен, біз түрлі салаларда сенімді серіктес болып табыламыз. Сіздерді өзіміздің мәдени орталығымызда қуана қарсы аламыз. Ол жерлерде түрлі шеберлік сағаттары жүргізіледі және көбі өзі үшін Үндістанның қыр-сырын ашады, – дейді доктор Санджай Гарт.

Биыл Үндістан өзінің ең көрнекті тұлғаларының бірі Махатма Гандидің 150-жылдығын тойлайды. Бұл маңызды күн – кездесудің басты лейтмотивіне айналды. НЗМ оқушылары Үндістан тәуелсіздігі үшін күрескен басты тұлғаның  өмірімен танысып Махатма Гандидің сүйікті әнін тыңдады.

Кездесу қатысушылары қонаққа Үндістан туралы, сондай-ақ, ел тұрғындарының инженерлік және IT білімдерінің құпиялары, Қазақстан мен Үндістан арасындағы әріптестік, ол елге баратын саяхатшылардың ең жиі кездесетін мақсаттары және Елшіліктегі мәдени орталықтың шеберлік-сағаттары туралы сұрақтарын қою мүмкіндігіне ие болды.

Кездесу соңында Санджай Гарт мырза мектеп кітапханасына Махатма Ганди мен Үндістан Республикасының басқа да танымал саясаткерлері туралы бірегей кітаптар топтамасын сыйға тартты. Халықаралық бакалавриат мектебінің директоры Бауыржан Серіков қонаққа алғысын айтып, өз кезегінде, Зияткерлік мектептен естелік ретінде кітаптар мен оқушылардың өз қолдарымен жасаған кәдесыйын тарту етті.

 

 

 



Қаралым: 58
Жарияланған: 16 Мамыр