Жаңалықтар

Дияр Туленов Австралияда қола медаль иеленді


Павлодар қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Дияр Туленов Австралияда бүгін мәресіне жеткен ХХ Азиялық физика  олимпиадасында қола медаль жеңіп алды.

Физика пәнінен Азия олимпиадасы — Азия-Тынық мұхиты аймағы елдерінің оқушылары арасындағы сайыс 2000 жылдан бері  жыл сайын өткізіліп келеді.  Австралияық Аделаида қаласына әлемнің 22 елінің білгірлері жиналды. Білім додасының қорытындысы бойынша 8 қазақстандық оқушыдан  құралған құрама команда 3 қола медальды жеңіп алды.

–   Өткен жылы Дияр аталмыш білім додасында құрмет грамотасын алған еді, ал осы жолы қола медальді қанжығалап отыр.  Жалпы бұл керемет көрсеткіш, себебі додаға әлемнің ең мықты физиктері қатысты. Азия олимпиадасы оқушылардың халықаралық физикалық олимпиадасына қарағанда күрделі әрі беделді болып саналады. Бұл жеткен жетістіктер оқушының жылдар бойы табанды еңбегінің, физикаға деген ерекше қызығушылығы мен мақсатқа деген нық сенімінің арқасы дер едім, – дейді талантты оқушыны 7 сыныптан бастап дайындап келе жатқан физика пәнінің ұстазы Назымгүл Кәрімова.

Бүгінгі таңда Дияр Жоғары экономика мектебі (Ресей), Назарбаев Университеті және Қазақ-Британ университетінің грант иегері. Оған қоса, 2018 жылдың желтоқсанында НЗМ оқушысы еліміздегі ең мықты 8 физиктің қатарына енген болатын.

–  Олимпиада мен үшін өзімді дамытудың тәсілі және менің болашақ мамандығым, себебі болашақта мен  физика саласының ғалымы болуды жоспарлап отырмын, – дейді Дияр.

Атап өтейік, 27 сәуір күні Павлодар қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебіне еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев келген кезде Дияр Түленовке болашақта Нобель сыйлығының иегері атануын тілеген болатын.

 

 

 



Қаралым: 131
Жарияланған: 13 Мамыр