Жаңалықтар

Google Science Fair: NIS үздіктер қатарында


Алматы қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары  Дильназ Камалова мен Дана Ерланованың «Secuence» жобасы Google Science Fair ғылыми жобасының жүздігіне кірді.

Таяуда әлемдік алпауыт компаниялардың бірі саналатын Google өткізген байқаудың аймақтық кезеңі аяқталды. Финалға әлемнің әр елінен жобаларын жіберген 13-18 жас аралығындағы жастардың 100 үздік жұмысы таңдалып алынды. Солардың қатарында Назарбаев Зияткерлік мектебінің екі оқушысы бар. Айта кетейік, Google байқауына Қазақстаннан тек «Secuence» жобасы ғана өтті.

Дильназ бен Дананың жобасы денсаулық сақтау саласына арналған.  «Secuence» деп аталатын құрылғы созылмалы ауруға шалдыққан науқастар мен олардың жақындарына таптырмас құрал.

– Біздің құрылғы дәрі-дәрмек пайдаланатын уақыт таяғанда «сигнал» береді. Сондай-ақ, мобильдік қосымша арқылы науқастар өзінің қамқоршысына дәрісін дер кезінде қабылдағаны жөнінде хабарлама жолдай алады. Бұл тек созылмалы ауруларға ғана арналмаған, медицианлық жобаларда, ауруханаларда пайдаланғанға өте тиімді, – дейді 10-сынып оқушысы Дильназ Камалова.

Биыл Google Science Fair байқауына әлемнің 100 ден аса елінен 1000-ға жуық ғылыми жоба жолданған. Байқаудың ресми сайтының мәліметінше, жұмыстар алдын-ала белгіленген критериялар бойынша бағаланады. Қазылар алқасы аймақтық финалға өткен 100 жобаның ішінен ең үздік 20 жұмысты анықтап, ақтық кезеңге жолдама береді. Олардың есімдері мамыр айының соңында белгілі болады. Google Science Fair бас жүлдесі 50 мың АҚШ доллары көлеміндегі грант.

 



Қаралым: 267
Жарияланған: 30 Сәуір