Жаңалықтар

«Көзімнің қарасы» Франция сахнасында


Алматы қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары халықаралық Saint-Denis мектебінің шақыртуымен Франциядағы XII Еуропалық ғылым мен өнер фестиваліне қатысты.

Француз тілін екінші шет тілі ретінде игеріп жүрген үздік оқушылар өз шығармашылықтарын ежелгі – Лош қаласында көрсетті. Биылғы фестиваль атақты мектептің 160 жылдығына арналыпты. Онда әлемнің сегіз мемлекетінің өкілдері қатысты. «Best of» гала-концертінде Қазақстан, АҚШ, Мексика, Болгария, Польша, Түркия, Үндістан елдері өз өнерлерін паш етіп, Францияның музыкалық және театралдық ұжымдары мерейлі концерттің шымылдығын жапты. 

Зияткерлік мектеп делегациясы Францияда қазақ мәдениетінің інжу-маржаны мен алуандылығын көрсету мақсатында жыл басынан бері дайындалған. Шығармашылық ұжымның бағдарламасына халық әндері мен билері кіріп, Абайдың «Көзімнің қарасы» әні француз тілінде шырқалды.

Оқушылар бұл сапардан халықаралық деңгейде  тәжірибе, тілді француздар ортасында үйрену, францияның мәдениеті мен дәстүрін жіті танып, түрлі мемлекеттен келген балалармен достасты. Ең бастысы алматылық НЗМ мен Лош қаласындағы «Best of»  мектептері арасындағы достықты нығайтты. 

Балалар әлемдегі әдемі елдердің біріне барғандағы алған әсерлерін жасырмады:

– Франциялық достар біздің топты «Bienvenue» хорымен күтіп алды. Ол қазақ тіліне аударғанда «Қош келдіңіздер» дегенді білдіреді, – деп есіне алды Айзере Болат.   

– Біздің биіміз көрермендер мен қазылар алқасының көңілінен шыққандықтан, оны гала-концерттің бағдарламасына қосты. Барлығы біздің ұлттық киімдеріміздің тамашалығын айтты, – деп ағынан жарылды Дана Досанова.

– Біз үшін француз тілінде сөйлесу – тілдік тәжірибемізді ұлғайтты. Лош қаласындағы серуенімізде барлық білген-түйгенімізді қолдандық. Жалпы фестивальға қатысушылардың ағылшын тілінде сөйлесуі де біз үшін қызық әрі пайдалы болды деп есептеймін, – дейді Нейла Худайбергенова.

– Көптеген оқушылар біздің видео таныстыруымызды көріп, Қазақстанға біздің мектепке келгілері келетінін жасырмады. Болгариядан келген оқушылар табиғатымызды видеодан көріп, жазда Қазақстанға келетіндерін айтты, – деді Камила Клим. 

 



Қаралым: 201
Жарияланған: 11 Сәуір