Жаңалықтар

Зияткерлік мектеп оқушылары кореялық GPS Tracker-ді жетілдірді


Оңтүстік Кореяның стартаперлері Тараз қаласындағы Зияткерлік мектеп оқушыларының жаңалығына қызығушылық танытып, оны жүзеге асырудағы шығындарды өз мойындарына алуға дайын екендіктерін мәлімдеді.

Оңтүстік Кореяның Lives’talk командасы жануарлардың жайылымдағы орнын бірнеше секунд ішінде анықтайтын замауи құрылғы жасап шығарды. Осылайша, мамандар малды іздеуге 5-6 сағатқа жуық уақыт жұмсайтын қазақстандық фермерлердің мәселесін шешті. Алайда құрылғыны тестілеу кезінде оның автономды қызмет ету мерзімі төмен екендігі анықталған.   

Тараздағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12 сынып оқушылары Бекнұр Қалмаханбет пен Дәурен Тенелбаев аталған құрылғының жетілдірілген үлгісін ұсынды. Олар GPS Tracker-ді электр энергиясымен үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін желілік генератор құрастырды.

– Жоба аясында балалар екі жылға жуық еңбек етті. Бірнеше жылдан кейін олардың еңбегі отандық фермерлерге үлкен пайда әкеледі деп үміттенемін, – дейді оқушылардың ғылыми жетекшісі, физика пәнінің мұғалімі Мирлан Джусамбаев.

Осы жазда Бекнұр мен Дәурен Lives’talk командасымен бірге Қазақстанның оңтүстік аймақтарындағы бірнеше ферма аумағында құрылғыны сынақтан өткізуді жоспарлап отыр.

– 1 метрге дейінгі дәлдікпен онлайн мониторинг жүргізу мүмкіндігі бар, жануар мойнынан қарғыбау шешілген жағдайда иесінің смартфонына SMS хабарлама келеді. Зерттеу нәтижелері GPS Tracker-ді ауыл шаруашылығында ғана емес, жабайы жануарлардың миграциясын зерттеуде де пайдалануға болатындығын көрсетті, – дейді жас өнертапқыштар.  

Естеріңізге сала кетейік, жақында Байқоңырда өткен «Ғылым әлемін ашамыз» ғарыштық зерттеулер бойынша Халықаралық ғылыми жарыстарында оқушылардың жұмысы екінші орынға ие болды.

 



Қаралым: 300
Жарияланған: 10 Сәуір