Жаңалықтар

Байқоңырда ғылым әлемі ашылуда


Назарбаев Зияткерлік мектептерінің командасы Байқоңыр қаласында өткен «Ғылым әлемін ашамыз» ғарыштық зерттеулер бойынша халықаралық ғылыми жарыстарынан олжалы оралды.

Зияткерлік мектептерден қатысқан 12 оқушының барлығы да жеңімпаздар қатарынан көрінді.  Команда қоржынында 7 бірінші, 4 екінші, 1 үшінші орын бар. Назарбаев Зияткерлік мектептері оқушыларының үздік жұмыстары ретінде келесі жобалар аталып өтті: «Зымыран құрылымындағы белсенді металл қосылыстарының электролизі арқылы көміртек диоксиді көмірқышқыл газын композитті қолдану» (Амина Жаркенова, Қарағанды), «Ғарыштық аппараттар бөлшектерін дайындау үшін ЖӨТ синтезі әдісімен кеуекті композитті материалдарды алу» (Индира Қайыржанова, Көкшетау), «Зымыран отынының төгілуін болдырмау және ұшу аппараттарының құлау бөліктеріндегі топырақ құнарлығын қалпына келтіру әдістері» (Абылайхан Мустафин, Павлодар), «Робототехникалық іздеу және зерттеу платформасы» (Даниил Филимонов, Вероника Кочубей, Талдықорған) және  «Астероидты терең ғарышты зерттеуге арналған құрал ретінде пайдалану» (Константин Кан, Аида Науанова, Талдықорған).

Жарыс әлемдік космонавтика орталығы – Байқоңыр қаласында өтті. Жас ғалымдар жобаларын бес секция бойынша қорғады:
«Ғарыштық технологиялар және инфрақұрылым, «Ғарыштық ақпараттық технологиялар және модельдеу», «Экология және ғарыш қызметі», «Астрофизика және Әлемнің эволюциясы», «Күн жүйесі». Қатысушыларды академик  Владимир Челомей атындағы Халықаралық ғарыш мектебі қарсы алды.

Уақыттың тығыздығына қарамастан делегаттар аты аңызға айналған Байқоңырдың көрнекті жерлерін аралауға мүмкіндік алды: ғарыш айлағының ғарыш мұражайы, «Буран» орбиталық кораблі, академик Сергей Королев пен әлемнің тұңғыш ғарышкері Юрий Гагариннің мемориалдық үйлері. Жас ғалымдарға ұшу уақытында рекордтық нәтиже көрсеткен «Союз-2.1а» ракетасының «Прогресс МС-11» жүк тасымалдаушы ғарыш кораблімен көкке көтерілуі ұмытылмас әсер сыйлады.

– Керемет көңіл-күйдемін. Біріншіден, біз үшін аталған конкурстың өткен жері өте қызықты болды. Екіншіден, сайыс шынымен де өте күрделі. Қатысушылар бірнеше сыннан өтті. Байқағаным, қазылар алқасының біздің жобаларымыздың іске асуына деген қызығушылықтары жоғары, – дейді сайыс жеңімпазы Абылайхан Мұстафин.

 

 

 



Қаралым: 210
Жарияланған: 09 Сәуір