Жаңалықтар

Fab Lab – жаңалыққа жаны құмарлар үшін


Нұр-Сұлтан қаласы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектепте Назарбаев Университеті Технопаркінің Fab Laboratory зертханасының өкілдерімен кездесу өтті. 

Fab Lab (Fabrication Laboratory) – бұл кез-келген идеяны дайын өнімге айналдыруға көмектесетін, цифрлық өндіріске арналған алдыңғы қатарлы құрылғылармен жабдықталған зертханалар жүйесі. Зертханада жұмыс істейтін тәжірибелі кеңесшілер заманауи құрылғылар көмегімен кімнің болса да жобасын жүзеге асыруға дайын. Компьютерлік бағдарламалармен басқарылатын «ақылды» машиналар әртүрлі материалдарды өңдеп, оларға дайын өнімге қажетті пішін бере алады.

«Біздікіндей бірегей зертханада әрбір оқушы өз жобасының прототипін жасай алады, ой бөлісе алатын адамдармен танысады, алдыңғы қатарлы 3D құрылғыларда жұмыс істеп үйренеді. Сондай-ақ бұл ғылыми жобалар мен шығармашылық жұмыстарды жүзеге асыратын зертхана құрылғыларын пайдалану мүмкіндігі. Біз маусым айында 8-11 сынып оқушыларына арналған жазғы мектеп ұйымдастырмақпыз. Онда оқушылар 3D модельдеу туралы жалпы түсінік қалыптастырып, электрондық платаларды программалауды меңгере алады» - дейді ABC Fab Lab менеджері Бижанова Әсел.

Fab Lab инженері Алимбаев Айдар 3D принтер құрылысы туралы қысқаша баяндап, принтердің жұмысы бойынша шеберлік сағатын өткізді. Оқушылар үш өлшемдік пішін жасап шығаратын құрылғының жұмысын бақылап, қағазға салынған суретті асқан дәлдікпен кесіп шығарған кескішке таңқала қарады.

Кездесуге қатысушылар Зиятерлік мектептер мен Назарбаев Университеті технопаркінің Fab Laboratory-мен бірге әріптестік көкжиегі туралы келісті.  

 

 

 



Қаралым: 211
Жарияланған: 29 Наурыз