Жаңалықтар

Зияткерлік мектептер мен Сонгок коллаборациясы


Оңтүстік Кореялық мамандар Зияткерлік мектептің педагог-қызметкерлеріне тәрбие жұмысын тиімді ұйымдастырудың тетіктерін үйретті.

Ақпанның үш күнін қамтыған семинарда республика өңірлеріндегі барлық Назарбаев Зияткерлік мектеп педагог–кітапханашылары, кураторлары мен тәрбиешілері корейлік мамандарының шеберлік сағаттарына қатысып, тәжірибе алмасты.

 Шетелдік мамандар  осы жолғы дәрісін «Оқушылардың бойында ғылыми  шығармашылық және адамгершілік принциптерді дамыту» тақырыбына арнады. Семинарды Оңтүстік Кореяның Сонгок қыздар гимназиясының халықаралық дәрежедегі сарапшылары И Док Чу, Хан Хё Чжон және Ким Сын Хи жүргізді.

 – Біз мектептегі тәрбие жұмысын құрудың барлық тиімді әдістерімен бөліскіміз келеді. Әсіресе кітапхана ісін жүргізудің тәжірибесі мен үздік әдістемелерін таратуға тырыстық. Педагогтарыңыздың белсенділігін ерекше атап өткім келеді, – деді сарапшылардың бірі Хан Хе Чжон.

Іс-шараның ресми ашылуында Назарбаев Зияткерлік мектептерін дамыту департаменті директорының орынбасары Аида Ағаділ кітапханашылар мен кураторлардың жұмысындағы коллаборацияның маңыздылығына тоқталды.

– НЗМ жүйесінде мен 2012 жылдан бері жұмыс істеймін. Осы кезеңге дейін әр түрлі елдердің үздік тәсілдерін меңгердік және оларды оқушыларымыздың жан-жақты дамуы үшін өз жұмысымызда қолданудамыз. Семинарда біз Оңтүстік Корея мектептерінде қолданылатын жаңа әдістемелердің бірнешесімен таныстық. Әсіресе, педагог-кітапханашылар мен пән мұғалімдерінің оқушы бойында моральдық құндылықтарды қалыптастыруда тығыз қарым-қатынас жасау әдістерін атап өткім келеді, – деді өз ойымен бөліскен Көкшетау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің аға педагог-кітапханашысы Ольга Саламахина.

Семинар жұмысы үш негізігі тақырыпты қамтыды: «Кітап оқу және талқылау арқылы тәрбие жұмысын жүргізу», «Белсенді іс-шаралар арқылы тәрбие жұмысын жүргізу» және «Әріптестер арасында қарым-қатынасты нығайту арқылы оқыту».

Бұл Оңтүстік Корея елі мамандарының Қазақстандағы Зияткерлік мектеп қызметкерлеріне алғаш рет дәріс беруі емес. Олар 2013 жылдан бері елімізге келіп, шеберлік сағатын өткізуді дәстүрге айналдырған.

 

 

 

 

 

 

 



Қаралым: 86
Жарияланған: 22 Ақпан