Жаңалықтар

Сиверс алмасы Парижде болды


Талдықорған қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары халықаралық «The Big Progress» қашықтықтағы ғылыми жобалар конкурсының ІІ дәрежелі лауреаты атанды.

11–сынып оқушылары Мадина Аликанова мен Аяна Тастанбекова Париждік қазылар алқасының мүшелеріне «Сиверс және апорт алма сорттарының анатомиялық құрылымын зерттеу» жобасын ұсынды.

Сиверс алмасы – тау етегіндегі алма ағаштарының Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген жабайы жемісі. Бес мыңнан астам алма түрлерінің атасы болып табылады. Жас ғалымдардың пікірі бойынша, Сиверс алмасы мен апорт бір-біріне өте жақын және олар генетикалық құрылыммен ғана емес, сонымен қатар анатомиялық құрылыммен ұқсас.

Биология ғылымдарының кандидаты, профессор, Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің Ғылым және стратегиялық даму орталығының директоры Алефтина Бахтаулованың жетекшілігімен оқушылар жыл бойы бірнеше зерттеулер жүргізді. Жоңғар Алатау қорынан Сиверс алманың көшеттерін алып, ДНК – ның генетикалық зерттеулері, микроклоналды көбеюдің және жасыл егудің жұмыстары жасалды.

«Алматының тау етегі – мыңдаған жабайы алма ағаштардың, оның ішінде Сиверс алмасының туған жері болып табылады. Әдемі апорт алмасының түпатасы болып негізі қалануы үшін табиғат ерекше рөл атқарды. Жақын арада біз Сиверс алма ағашындай, Қазақстан үшін эндемикалық болып табылатын Недвецкийдің бірегей алуан түрін зерттеуді бастаймыз», – деп түсіндірді жобаның авторлары.

 «The Big Progress» халықаралық байқауының ұйымдастырушылары Мадина Аликанова мен Аяна Тастанбекованы Ниццада өтетін салтанатты марапаттау рәсіміне шақырды. 



Қаралым: 155
Жарияланған: 12 Ақпан