Жаңалықтар

Жеңімпаз болу — дәстүріміз


 2019 жылдың 9-14 қаңтар күндері Алматыда математика, физика және информатика пәндері бойынша ХV Халықаралық Жәутіков олимпиадасы өтті. Сайысқа 18 елден 80 – нен астам команда бәйгеге түскен білім додасында 500-ден аса  оқушы бақ сынасты.

Павлодар қаласындағы Зияткерлік мектебінің 11 сынып оқушысы Дияр Туленов  физика пәнінен өткен сайыста алтын медальға ие болды. Бұл Диярдың Жәутіков олимпиадасындағы екінші жеңісі. Сондай-ақ республикамыздың түпкір-түпкірінен келген Зияткерлік мектептің 6 оқушысы жүлделі орын алып, үздік үштіктің қатарына  кірді.

 — Дияр қатысқан физика бөлімінде 155 оқушы бақ сынасқан болатын. Оқушымның бұл жетістігін өте жоғары бағалаймын. Қуанышымда шек жоқ. Алда бірқатар халықаралық деңгейдегі олимпиадалар бар, енді оларға дайындық басталады, — дейді 7-сыныптан бастап олимпиадаға дайындап келе жатқан физика пәнінің мұғалімі Назымгүл Кәрімова.   

 — Алдағы мақсатым Австралияда мамыр айында болатын халықаралық физика олимпиадасында және жаз мезгілінде Израильде жоспарланған  IphO-2019 олимпиадасында жеңіске жету, - деп Диар  өз ойымен  бөлісті.

 Жәутіков олимпиадасына қатысқан Зияткерлік мектеп оқушыларының алтын медальға ие болуы жылдағы дәстүрге айналған.  

 

 

 



Қаралым: 100
Жарияланған: 15 Қаңтар