Жаңалықтар

Nurintech-тегі НЗМ жаңа жетістіктері


Зияткерлік мектептердің оқушылары «Nurintech» республикалық инновациялық жобалар байқауында тағы да жеңімпаздар қатарынан көрінді.  

Байқауға барлық республикадан 1000-нан астам адам қатысып, олардың ішінен үздік деген 30-ы таңдалып алынған болатын. «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевтың қатысуымен өткен лауреаттарды марапаттау рәсімі елордада «Astana Hub» халықаралық технопаркінде өтті.

«Жастар инновациялық жобасы» номинациясында жүлделі орынның үшеуін де НЗМ оқушылары қанжығалады. Алматы қаласы физика-математикалық бағыттағы Зияткерлік мектебінің оқушысы Любовь Дудченко «joARney» жобасымен жеңімпаз атанды. Аталмыш жоба Алматыдағы тау туризміне тартуға және туристік кластерді дамытуға бағытталған. Оқушы қосымшада тау-кен ауданының үлгісін жасап оны толықтырылған шындықта көрсетті. Өзінің жұмысы үшін Любовь бір миллион теңге ұтып алды.

– Инновация мен технологиялар саласында жалпыұлттық байқауға айналған осындай керемет шара үшін Елбасына алғыс айтамын. Осы жылы ұсынылған жұмыстардың барлығы өзінің инвесторларын тауып, өнідіріске енгізіледі деген сенімдемін, – деп Зияткерлік мектеп оқушысы марапаттау кезінде өз ойын жеткізді.

Любовь Дудченко үшін «Nurintechтегі» жеңістер дәстүрге айналған. Өткен жылы ол Селимжан Чалышканмен бірге «Әлеуметтік маңызды инновациялар» категориясында бірінші орын алып, миллион ұтқан болатын. Олардың «Оqyp kör» атты өнертабысы арнайы құрылғының көмегімен мәтінді камера арқылы Брайл шрифінде шығарып зағип жандардың ақпаратқа қол жеткізу мәселесін шешуге көмектеседі. Бұл жобаның Қытайда өткен жасөспірімдер арасындағы CASTIC-2018 ғылыми-техникалық инновациялар байқауында жеңімпаз атануы өткен жылдың басты жаңалықтарының бірі болды.

Екінші орын мен жарты миллион теңге Алматы қаласы физика-математикалық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Жәңгір Сиранов пен Жәнібек Манабаевқа бұйырды. Олардың «Safe & Sound» жобасы ғылыми байқауларда танымал болып үлгерді. Өйткені оқушылар құлаққап қолданатындар үшін жолдағы қауіпсіздік мәселесін көтеріп отыр. «Safe & Sound» мобильдік қосымшасы көлік жақындаған кезде автоматты түрде құлаққаптағы дауысты ақырындатады. «Ұлы дала мұрагерлері» мерейтойлық форумында зияткерлердің жұмысына мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бағасын берген болатын. 

Үшінші орын мен 250 мың теңгені Атырау қаласындағы Зияткерлік мектептің оқушысы Арсений Кан қанжығалады. Ол өзінің жұмысында деректер алмасу экожүйесіне көңіл бөлген. Арсений сәуленің көмегімен деректермен алмасу мүмкіндігін анықтап, болашақта Wi-Fi сымсыз интернет-желісін алмастыра алатын «Smart Lights» қосымшасын құрған.

«Нұр Отан» партиясының жастар қанаты «Жас Отан» ұйымдастырған «Nurintech», республикалық инновациялық жобалар байқауы үшінші рет өтті. Үш жыл бойы Назарбаев Зияткерлік мектептерінің өкілдері үздік жұмыстардың авторлары қатарынан көрініп келеді. Олардың өмірді түрлі салаларда жақсартуға бағытталған инновациялық жұмыстарына берілген жоғары баға – НЗМ оқушыларының үлкен әлеуетінің көрсеткіші.

 



Қаралым: 339
Жарияланған: 11 Қаңтар