Жаңалықтар

Бір ұстаздың тарихы. Ольга Иванова - Жанаөзен қаласының мұғалімі Астанада



Ұстаздық - ең маңызды  және  құрметті қызмет. Әрбір адамның  өміріндегі педагогтың орынын, мән-маңызын бағалаудың өзі оңай емес. Оқушының тағдыры ұстаздың жеке тұлғасына, оның кәсіби және адами қасиеттеріне тікелей байланысты болады. Біздің елде тамаша мұғалімдер еңбек етеді. Олардың бірі Жаңаөзен қаласындағы №16 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі - Ольга Иванова. Ол 30 жылға жуық сабақ үйретіп және бұл қызметін шын ықылас-пейілімен атқарып келеді, өзін мұғалімдік қызметке толық арнаған жан. Нағыз педагог саналатын Ольга Иванова екі баланың анасы, ол әрбір балаға қай қырынан келуді жақсы біледі. «Нағыз  мұғалім ғұмыр бойы үйренуден жалықпауы тиіс», - дейді Ольга Васильевна. Міне, сондықтан ол Қазақстанның әр тарапынан жиналған әріптестерімен бірге Педагогикалық шеберлік орталығы мен Кембридж университетінің  бағдарламасы бойынша жалпы білім беретін мектептер мұғалімдерінің біліктілігін арттыру курсына қатысуға Астанаға келді.

 

                  


- Ольга Васильевна, Сіз Біліктілік арттыру курстары туралы естігенде бірден келіп, оқуға шешім қабылдадыңыз ба?


-Бізге өткелі жатқан біліктілікті арттыру курстары туралы ақпарат келіп түскенде, біз ойланбастан оған қатысуға  өтінім бердік. Әрине, алаңдаушылық болды, өйткені бізді мүлдем жаңа дүние күтіп тұр еді және «Меңгере аламыз ба?», «Өз қаламыз Жаңаөзеннің абыройын сақтай аламыз ба?» деген сұрақтар да аз мазалаған жоқ. Бізге тек өзіміз үшін ғана емес, сонымен бірге тұтас қаламыз үшін жауапкершілік жүктелген еді. Ақыр соңында біздің мектептен баратын екі мұғалімнің бірі ретінде менің аты-жөнім шыққанын естігенде менің қуанышымда шек болған жоқ.


- Жаңа интеграцияланған  Бағдарламаның артықшылықтары неде деп ойлайсыз?


- Менің ойымша, Бағдарламаның басты айырмашылығы - бұл мұғалім мен оқушы қарым-қатынастарының моделі. Жаңа әдістеме бойынша біз оқушылардың көмекшілері және үйлестірушілері болып табыламыз, ал қолданыстағы әдістемеде - мұғалім басшылықта тұрады, ол сөйлейді, балалар тыңдайды.  Осылайша  оқушылар  оқыту үдерісінің енжар қатысушылары ретінде қалып қояды. Енді  біз оқушыларды «аяқтандыруымыз» керек, оған әлдеқайда  жоғары  деңгейге өтуге  көмек көрсетуіміз қажет. Бүгінгі таңда сыни тұрғыда ойлай алатын, тілдерді үйренуге  ұмтылатын, ақпарат жинап, талдай алатын, шығармашылық тұрғыда жұмыс істейтін  жоғары дарынды балалар керек. Өткізіліп жатқан курстар бізге - мұғалімдерге балаларымыздың мүмкіндіктерін ашуға, оқыту үдерісін қайта бағамдауға және  жаңа тәсілдерді табуға  көмектеседі.


- Әзірленген Бағдарлама қазақстандық мектептердің ерекшеліктеріне қаншалықты жауап бере алады деп ойлайсыз?


- Сөз жоқ,  бұл жерде біз өз мектептерімізде  пайдалана алатын көптеген жаңалықтар мен тәсілдер бар. Себебі, аталған Бағдарламаны  әзірлеу барысында әлемдік және үздік отандық тәжірибе ескерілді ғой. Менің ойымша, оның жергілікті жерлерде толық жүзеге асуы үшін уақыт керек, бұл ұзаққа созылатын үдеріс. Алдымен өзімізді бейімдеуіміз керек, одан соң ата-аналарды бейімдеу қажет, тек содан кейін ғана  балаларымызды  бейімдеуге тиіспіз. Әрине, біз барлық негіздерді қарастырамыз. ПШО мен Кембридж университетінің бағдарламасынан алуға болатын барлық игіліктерді біз тәжірибеде сынап көреміз және бұл курстар бізге - педагогтарға да, балаларымызға да айырықша  пайдалы  болатындығынан үміт етеміз.

 

             


- Қатардағы мұғалім ретінде Сізге жаңа модулді меңгеру қиынға соққан жоқ па?


- Бастапқы сатыда қиын болды, өйткені жүйеге кірігу керек болды, өз позициямды өзгертуге және қайта бағамдауға тура келді. Дегенмен, Кембридж университетінің білім беру әдістемесі әлем бойынша  мойындалғандықтан мұндай жағдайды позицияны өзгеруте татитын дүние деп бағалауға болады. Бұл мен сияқты қатардағы мұғалімдер үшін көп нәрсе береді және ынтамызды арттыра түседі. Көптеген пайдалы ақпараттарды алуға болады және оны бізде, Қазақстанда пайдалануға, сөйтіп балаларымыздың бір саты жоғары көтерілуіне көмектесуге болады. Бәрі де олардың шетелдерде білім алуға көп қаржы жұмсамай-ақ сондай әдістемемен отанымызда  білім алуы үшін жасалып жатқан шаруа.


- Екінші саты қашықтықтан он-лайн жүйесінде  өтеді, Сіз ақпараттық технологияларды  жақсы меңгердіңіз бе?


- Мен негізі компьютерге жетікпін дей алмаймын. Бірақ, үйде компьютерде жиі жұмыс істеймін, ғаламторға кіремін, одан көптеген ақпараттар  аламын. Әрине, кедергілер кездеседі, дегенмен оларды жеңуге болады деп ойлаймын. Астанаға келгенде ақпараттық технологиялар саласындағы білімімнің жеткіліксіз екендігін қатты сезіндім. Менің айналамдағы жастар  бұл мәселені жаңғақша шағады екен. Бірақ, біз яғни егде адамдар да олардан қалыспауымыз керек.


- Жаңа заманның оқушысы қандай? Одан қалып қоймау үшін мұғалім  қандай болуы керек?


- Қазіргі оқушылар білімге құлшынады, жан-жақты, өз көзқарасын қалыптастыра алады. Мен мұны өте жоғары  бағалаймын. Олардың бойындағы білімге деген құлшыныстың алауын өшіріп алмау үшін педагогқа баланың психологиясын түсініп, оның қызығушылығын, оның қоршаған ортасын білу керек. Бұл жұмыстардың барлығы көбіне  бастауыш сыныптарда  жасалады. Бүгінде  балалар мен жасөспірімдер үшін аса қуатты ақпарат ресурсы-Ғаламтор кеңістігі ашық. Оның пайдасымен қатар, зияны да аз емес, демек өзге елдерде жиі айтылатын ақпараттық мәдениетті қалыптастыруға айырықша көңіл бөлу керек.

 

                


- Сіз Ана ретінде осы жаңалықтарға көзқарасыңыз қандай?


- Менің балаларым ержетіп кеткен, бірақ қазіргі балалар қызық дәуірде өмір сүруде және өздерін қоршаған әлемнің барлық жаңалықтарынан хабардар болатын мүмкіндігі бар. Олар көптеген білімді мектептен тыста жүріп те алуларына болады.


- Ольга Васильевна, Сіз неге мұғалім мамандығын таңдадыңыз?


- Мен бала кезімде  мұғалім болуды армандағанмын. Мен кішкентай кезімде, бірінші сыныпта оқып жүргенде отбасылық жағдайларға байланысты Интернатта тұрдым. Ол жерде мен өте жақсы адамды, менің өмірімнің қиын кезеңдерінде қол ұшын созған менің педагогым - Валентина Николаевнаны кездестірдім. Ол кезде  мен мүлдем жалғыз едім, маған өте қиын болды, сол кезде ол маған қамқор болды. Менің оған деген алғысым шексіз. Содан бері Валентина Николаевна менің идеалыма айналды, мен де оған ұқсағым келді, қуыршақтарыма сабақ үйретуге тырысатынмын. Есейе келе, мен мектептің пионер вожатыйы болдым, сөйтіп үнемін балалардың арасында жүрдім. Осылайша мен үнемі балалардың арасындамын. Бәлкім  мұғалім болу менің «қанымда» бар шығар (жымияды).


- Бүлдіршіндермен жұмыс істеу қызықтырақ па?


- Білесіз бе, бұл сұрақты маған көп қояды, мен оған өзімнің өмірлік мұратым деп жауап беремін. Бұл жастағы балалар жандары таза, айтқанды тыңдай біледі, олардың өмірін жақсы жаққа өзгертуге болады осы кезде. Баланың өскенін көрген де керемет, бүлдіршін алғаш келгенде ештеңе білмейді, ештеңе жасай алмайды, ал кейін оқуда табысты болып, ЖОО студенті атанады, оны көресің және оның табысы сенің де табысың екендігін сезінесің. Керемет сезім бұл.


- Сіз балаларға патриотизм туралы қалай түсіндіресіз?


- Сынып сағаттарында біз «Отан деген не?» атты тақырыпты жиі талқылаймыз. Мен балаларыма Отанды сүю деген ағаштардың бұтағын сындырмау, жан-жануарларға зәбір көрсетпеу, көгал мен гүлдерді таптамау, илеуіне асыққан құмырысқаның өзінен аттап өту деп айтамын. Мұның барлығы біз өмір сүріп жатқан ортақ үйіміздің бір-бір бөлшектері. Сондай-ақ, үлкендерге және бір-бірлеріне деген құрмет сезімін сіңіру де маңызды. Өткен жылдың 16 желтоқсанынан кейін біз оқу  жоспарынан сәл кешігіп қалдық, бірақ өткізіп алған сабақтарымызды  қысқы және көктемгі каникулдар кезінде  қуып жеттік.


- Сіз  Астанаға алғаш рет келдіңіз бе?


- Иә, бірінші рет келдім. Біз - Қазақстанның түрлі қалаларынан келген мұғалімдер Астанаға жаңа білім алуға және тәжірибемізбен бөлісуге жиналдық. Бірақ, одан бөлек өзім өмір сүріп жатқан мемлекеттің астанасын көргеніме қуаныштымын. Біз бірнеше күн бұрын келдік және ең алдымен Астананы аралауға асықтық. Астана - қысқа ғана мерізім ішінде көркейіп, өсіп үлгерген жас қала. Меніңше барлық гәп осынау тамаша астананы тұрғызып жатқан адамдарда болса керек.

 

Сұқбатыңызға рақмет.

 



Қаралым: 4890
Жарияланған: 11 Сәуір