Жаңалықтар

Астанада 46-шы Халықаралық Менделеев олимпиадасы өтеді


 

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі осы жылдың 23-30 сәуір аралығында елордасы - Астана қаласында оқушылардың химиядан 46-шы Халықаралық Менделеев олимпиадасын өткізуді жоспарлап отыр. Бұл олимпиада елімізде өтетін тұңғыш химия және биология пәні мұғалімдерінің съезі қарсаңында өткізілгелі отырған маңызды ісшара болып табылады. Мектеп оқушыларының химиядан Халықаралық Менделеев олимпиадасы бұрынғы Бүкілодақтық олимпиаданың бүгінгі күнге дейін сақталып келген бөлігі. 2004 жылдан бері Менделеев олимпиадасына ТМД елдерінің мектеп оқушыларымен қатар Болгария, Македония және Румынияның тобтары қатысып келеді.

Биылғы жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі жоспарлап отырған еліміздің химия және биология пәндері мұғалімдерінің тұңғыш съезі қарсаңында өтетін олимпиадаға 30 мемлекетке шақырулар жіберілді. Ережеге сәйкес олимпиадаға ұлттық химия олимпиадалары жеңімпаздары мен жүлдегерлерінен құралған тобтар қатысады. Мектеп оқушыларының Менделеев олимпиадалары қатысушы елдердің бірыңғай білім кеңістігін қолдауға және дамытуға қызмет етеді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге Қазақстандық және ресейлік алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарына, оның ішінде осы олимпиаданың инициаторы М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетіне емтихандарынсыз қабылдау және білім гранты негізінде кәсіби мамандық алуға мүмкіндік беріледі.

 

                     


Қазақстанда жаратылыстану ғылымдарын, соның ішінде химия саласындағы білімді дамытуға зор көңіл бөлінуде. Мамандандырылған мектептер мен жалпы білім беретін мектептерде химия-биологияға бейінді сыныптар жұмыс істейді. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы бойынша 2008 жылдан бастап математика, физика, химия және биологиядан Президенттік олимпиада өткізіліп келеді. Қазақстандық мектеп оқушылары ең беделді халықаралық, соның ішінде химиядан Менделеев олимпиадаларына қатысып жүлделі орындарға ие болып жүр. Халықаралық Менделеев олимпиадасының және басқа да халықаралық олимпиадалардың жүлдегерлері бүкіл қазақстандық мектеп оқушыларына үлгі болары сөзсіз.

 

                                     

Олар:
Қостанай облысының Рудный қаласынан Тимур Жиентаев: 2004 жылы Кишинэу қаласында (Молдова) химиядан Халықаралық Менделеев олимпиадасында алтын медальға ие болды. МГУ-ді үздік бітірді. Бостон қаласында (АҚШ) аспирантурада оқып жүрсе, Солтүстік Қазақстан облысы, Петропавл қаласының «ЛОРД» дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп лицейінің түлегі Дмитрий Должников: 2003 жылы Мәскеу қаласында (Ресей) өткен химиядан мектеп оқушыларының Халықаралық Менделеев олимпиадасында күміс медальға ие болды. Қазіргі уақытта Чикаго қаласының (АҚШ) Университетінде білім алуда. Елена Должникова: 2004 жы­лы Кишинэу қаласында (Мол­­до­ва) химиядан Халықаралық Менделеев олимпиадасында күміс медаль алды. Италияда Болон университетінің PhD бағдарламасы бойынша оқиды және ғылыми қызметпен айналысады. Жамбыл облысы, Тараз қаласының қазақ-түрік ер балалар лицейінің түлектері Жалғас Серімбетов: 2009 жылы Баку қаласында (Әзербайжан) химиядан мектеп оқушыларының Халықаралық Менделеев олимпиадасында алтын медальді жеңіп алды. Наньянг технологиялық университетінің (Сингапур) 2-курсында оқыса, Абылай Шахизадаев 2009 жылы Баку қаласында (Әзербайжан) химиядан мектеп оқушыларының Халықаралық Менделеев олимпиадасында алтын медальді жеңіп алып, Назарбаев Университетінің студенті атанды.


Астана қаласының ер балаларға арналған қазақ-түрік лицейінің түлегі Мирас Бекбергенов 2008 жылы Ашхабад қаласында (Түркіменстан) өткен химиядан мектеп оқушыларының Халықаралық Менделеев олимпиадасында қола медальді; 2010 жылы Баку қаласында (Әзербайжан) аталмыш олимпиаданың алтын медалін иеленді; 2011 жылғы Мәскеу қаласында өткен (Ресей) химиядан мектеп оқушыларының Халықаралық Менделеев олимпиадасының күміс жүлдегері және т.б. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылуына байланысты Қазақстанның өнеркәсібіне, соның ішінде химия саласына жоғары білікті инженер-техник кадрлары қажет. Қазақстандық білім беру жүйесі Мемлекеттік бағдарлама ауқымында құрылып жатқан жаңа өнеркәсіп кәсіпорындарын отандық кадрлармен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретіні сөзсіз.

 

«Егемен Қазақстан» газетінен 05.04.12

 



Қаралым: 4187
Жарияланған: 09 Сәуір