Жаңалықтар

«Зияткер ұлт болашағы» атты жастар форумы


 

«Зияткерлік ұлттың болашағы» атты форум ағымдағы жылдың   11 желтоқсанында Астана қаласында болып өтті.  Іс шара Республикалық ғылыми- тәжірибелік «Дарын» орталығы, Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқушыларын, Назарбаев Университетінің студенттерін, «Болашақ» стипендиясының түлектерінің басын қосты. Форум қатысушыларының арасында зияткерлі және дарынды жастар өкілдері болды. Атап айтсақ, 14 жасқа дейінгі балалар арасындағы шахматтан Әлем чемпионы Динара Сәдуақасова, Назарбаев Зияткерлік мектебінің түлегі, қазірде М.Ломоносов атындағы университетінің студенті Ильяс Әділғазы, Назарбаев Университетінің Медицина мектебінің студенті, 2010 жылы Кореяда өткен биологиядан Халықаралық олимпиадасының медаль иегері   Нұрсұлтан Томпиев, Лондон Корольдық академиясының түлегі Айша Оразбаева бар. Сондай ақ, форумға президенттік «Болашақ» стипендиясының ең жас иегері, Ла Скала театры қасындағы Музыка академиясының студенті Мария Мудряк қатысты. Қазақстандық ару өзінің бірегей вокалды қабілеттері үшін Гинесс рекордтар кітабына енген. Жалпы форумға 400 астам адам қатысты.

Астаналық  «Radisson» қонақ үйінде өткен форум аясында инновациялық жобалар көрмесі де жұмыс істеді. Көрмеде «Дарын» орталығының, Назарбаев Зияткерлік мектептері мен Назарбаев Университетінің жас ғалымдардың үздік жұмыстары көрсетілді. Қазақстанның түрлі өңірлеріндегі Назарбаев Зияткерлік мектептерінің жас таланттары жиналған қауымға ғылыми жаңалықтарды ұсынды. «Күн сәулесі көмегімен тазартылған су алу», «Автоматтандырылған су шығарғыш», «Сыртқы факторлардың әсерінен жұмыс істейтін машина моделі», «Лайлану және кристаллизация температурасының басталуын анықтау» сияқты қызықты жобалар да болды. Назарбаев Зияткерлік мектептері оқушыларының жұмыстарына Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов өзінің оң бағасын берді.


Форум жұмысын Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов өз сөзімен ашты. Еліміздің басты педагогы білім және ғылым саласындағы маңызды жетістіктерді атап өтті. Министр Қазақстандық дарынды жастардың табыстарына ерекше тоқталды. Жас қазақстандықтар алған күшті білімдерін елінің өркендеуіне жұмсау керек. «Қазақстан болашағы білім беру, ғылым және инновация симбиозында, зияткерлік жастар тәуелсіз еліміздің көркейуіне үлкен үлес қосуда», -  деді министр.


Форумның құрметті қонақтары ішінде ҚР Премьер-Министр Кеңсесінің басшысы Ғабидолла Абдрахимов, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова, «Назарбаев Университеті» ДББҰ президенті Шигео Катсу, «Дарын» РҒТО директоры Шолпан Қирабаева, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдыков және тағы басқалар болды.


 Іс-шара аясында өз жетістіктерімен «президенттік білімнің» барлық топтарының өкілдері бөлісті. Жастар түрлі салаларда білікті маман атанып, қызмет етуде. «Еліміздің жаңаша даму кезеңі жастардың еншісінде. Тәуелсіздігіміздің келесі мерейтойы қазіргі жастардың еңбегі болмақ», - деп ҚР Премьер-Министр Кеңсесінің басшысы, ҚР Президентінің қасындағы жастар саясаты жөніндегі кеңестің төрағасы Ғабидолла Абдрахимов айтып өтті. Форумда дарынды жас буын өкілдері көп ақ болды. Солардың біреуі сегіз жасар Жамбыл Дүйсенұлы. Жас ақынның «Мен қазақпын» өлеңін  жиналған қауым үлкен ықыласпен тыңдады.  
 



Қаралым: 4605
Жарияланған: 13 Желтоқсан