Жаңалықтар

Соны серпін мен жаңа жігер сыйлаған курс


Елімізде білім саясаты түбегейлі жаңаланып, орта білім беру мазмұнын жаңарту аясында мұғалімдер мен мектеп басшыларының біліктілігін арттыру үздіксіз жүргізіліп келеді. Соның бір дәлелі - «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығының Қызылорда қаласындағы филиалында өткізілген курстар. Бұл шараның іске асуына облыс әкімі Қ.Көшербаев пен «Назарбаев зияткрлік мектептері» дербес білім беру ұйымдары арасындағы ұтымды жоба - іскерлік меморандум арқылы мүмкін болды.

Бұған дейін Астанада алғашқы толқындар қатарында мектеп басшыларының біліктілігін арттыру курсын сәтті аяқтап, сол кездегі алған теориялық білімімді тәжірибеде іске асыра бастаған мен үшін бұл курстың кейбір тұстарымды жетілдіруде маңызы ерекше зор болды.

Курс бағдарламасы шеңберінде мектепте педагогикалық үдерісті жүзеге асыру барысында енгізілетін жаңа әдіс-тәсілдер, білім беру мазмұнындағы жаңалықтар, оқу бағдарламалары мен оқу жоспарындағы елеулі ерекшеліктермен таныстық. Бұл нормативтік заңнамалардың орта және қысқа мерзімді жоспарларға шын мәнінде негіз бола отырып, оқу мен оқытудағы мазмұндық байланысы сақталғандығы қызықтырды. Бастауыш сыныптардағы негізгі және қосымша пәндер бойынша және «Жоба жұмысы» мен «Ғаламдық перспективалар және жоба жұмысы» пәндерінде өткізілетін әр тақырыпта оқу мақсатының бірыңғайландырылуы, тілдік пәндердің ерекшеліктерінің көрсетілуі, мұғалімге ұсынылған іс-әрекеттер, ресурстардың берілуі, оқушы бойында қалыптастыруға тиісті дағдылардың жүйелі қойылуы – мұғалімдер үшін жасалған әдістемелік көп көмек болса, басшылар үшін де оқу сапасын басқару мен мониторинг жүргізуге, бағалауға мол мүмкіндік деп түсінемін.

Оқушының оқу нәтижелерін бағалау - дәстүрлі «5-тік» деңгейінен әлдеқайда кең ауқымда, яғни білім беру мақсаттары мен мазмұнына сәйкес келетіндей, білім беру үдерісіне қатысушылардың бәріне бірдей түсінікті, алдын ала таныс, нақты әрі күмәнсіз өлшенетіндігімен өзгеше. Критериалды бағалау моделін тәжірибеде қолдану барысында байқағаным: шыныменен  оқушының оқу нәтижелері жақсарып, дағдыларының жүйелі қалыптасып, оқушы мен мұғалім арасында тиімді кері байланысты қамтамасыз етеді екен. Бұл өз кезегінде мұғалімге оқу үдерісін сапаға қарай өзгертуге керемет мүмкіндік береді.

Осы курс бағдарламасында алған білім, білік, дағдыларымыз мектепте жаңартылған білім беру бағдарламасын іске асыру және өзгеріс енгізуде бізге берік сенім болады деп ойлаймын. Менің әріптестерім, курс тыңдаушылары, бүгін өз мектептерімізге, шәкірттеріміз бен әріптестерімізге соны серпінмен, жаңа жігермен рухтанып, іске асыруға шабыттана аттанып барамыз. Ендеше, іске сәт, әріптестер!

 

Сейілханов Болат Пернебайұлы

Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, №48 Ә.Қоңыратбаев атындағы орта мектебінің директоры.



Қаралым: 1847
Жарияланған: 03 Қырқүйек