Жаңалықтар

Бастауыш сынып мұғалімінің кәсіби біліктілігі заман талабына сай өзгеретіні айқын


Халқымыз «ұстаз – келер күннің ұстасы» - дейді. Ол өсіп келе жатқан баланың дүниетанымының, өмірге деген көзқарасының иесі болып табылады. Бұл тұрғысында Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Қазіргі заман мұғалімінен тек өз пәнінің білгірі ғана емес, тарихи-танымдық, педагогикалық-психологиялық сауаттылық, саяси-экономикалық білімділік, ақпараттық сауаттылық талап етілуде. Ол заман талабына сай білім беруде жаңалыққа жаны құмар, шығармашылықпен жұмыс істеп, оқу мен тәрбие ісіне еніп, оқытудың жаңа технологиясын шебер меңгерген мұғалім болуы тиіс», - деп басымдық бергендігін атап өткен жөн.
 
Мемлекет жыл сайын балаларымыздың алдында жүрген мұғалімнің жұмысына жағдай жасау, мәртебесіне сай құрмет көрсету ісінде мұғалімге қолдау танытуды арттырып келеді.
Бұл орайда, Астана қаласындағы педагогикалық шеберлік орталығында 2015 жылдың маусым айынан қараша айына дейінгі аралықта 30 пилоттық мектептің  1 892 ұстазы жаңартылған білім мазмұнына арналған  жоспарлы курстары аясында қысқа мерзімді оқудан өтеді. Аталған жұмыстар болашақта да өз жалғасын табады. Білімі мен білігін ұштап, жаңа бағдарламаларды меңгерген ұстаздар мен мектеп директорларынан, директор орынбасарларынан үлкен үміт күтеміз.
2015 жылдың 8 маусымы және 3 шілдесі аралығында бастауыш сынып мұғалімдері, басшылар, атап айтқанда 395 педагогикалық қызметкер ақпараттық-коммуникативтік технологиялар, жобалау жұмысы, музыка және өнер пәндерінен жаңартылған білім мазмұнына арналған курстарды ерекше қарқынмен тәмамдады. Курс барысында педагог-мамандар интерактивтік оқыту технологиясының тәсілдерімен, сондай-ақ заманауи бастауыш білім беру әдіс-тәсілдерімен танысты, жаңаша ойлау жүйесін меңгерді, оқу материалдарын түрлі динамикалық суреттермен жан-жақты бірнеше қырынан түсіндіру тәсілі, шығармалық қабілеттерін жетілдірді, игерген білімдерін шығармашылыққа қолдану дағдысын меңгерді.
Қазіргі қоғам мен оның аса шапшаң өмір ырғағы үнемі жетіліп, жаңарып отыруды талап етеді. Білім саласында болып жатқан жасампаз өзгерістердің маңызы зор. Бұл тұрғыдан мұғалімге, мектепке, қоғам мен ата-анаға қойылар талап – ғаламдық бәсекеге қабілетті білімді ұрпақ қалыптастыру.
 


Қаралым: 1951
Жарияланған: 07 Шілде