Жаңалықтар

Қызылорда өңіріндегі маусымдағы жаңа бастама


 Еліміздің әр өңірлерінде «Назарбаев Зияткерлік мектептерінің» тәжірибесін жалпы білім беру жүйесіне тарату жұмысы жүргізілуде.  

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы және Қызылорда облысы әкімдігі арасында осы бағытта кешенді шараларды іске асыру шеңберінде 2015 – 2017 жылдарға арналған өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасалды.

Осы меморандум аясында 22 өңірлік инновациялық мектептер желісі білім беру мазмұнын трансформациялауында аймақтың локомативіне айналмақ. Бұл білім ошақтарына «Назарбаев Зияткерлік мектептерінің» тәжірибесін өз мектептеріне бейімдеу арқылы басқа мектептеріне тарату жауапкершілігі жүктеліп отыр.  Аталған мектеп мұғалімдері жаңашыл бастамаға сәйкес ең әуелі біліктілік арттыру курстарынан өтуді қажет етеді. Бұл орайда білім саласында айтарлықтай табыстарға қол жеткізіп отырған Қызылорда облысы көш бастап тұр. Яғни алғашқылардың бірі болып жаңартылған білім  бағдарламалары бойынша педагогтарды кәсіби дайындықтан өткізу жұмысы қарқын алды. Осы жоба аясында 673 педагогты қамту көзделіп отыр. Оның ішінде бастауыш сынып мұғалімдері, орыс тілі, қазақ тілі, ағылшын тілі, информатика, бейнелеу өнері, музыка пәндерінің мұғалімдері және мектеп директорлары, директордың оқу-әдістемелік және тәрбие жұмысы бойынша орынбасарлары, облыстық, аудандық, қалалық әдістемелік кабинеттерінің мамандары дәріс алады. Мақсат- жаһандану кезеңінде ақпараттық кеңестікте жұмыс жасай алатын,  функционалдық сауаттылығы жоғары, өз білімін өмірде қолдана алатын оқушыны дайындайтын мұғалімдердің кәсіби деңгейін жетілдіру. Ағымдағы жылдың  маусым айында басталған біліктілік арттыру курстары Қызылорда қаласындағы Педагогикалық шеберлік орталығы филиал базасында өтуде.

   Енді жоғарыда аталған 22 мектеп ұстаздарына қойылатын негізгі талаптарға тоқталсақ. Ең әуелі бұл білім ошақтарын материалдық жабдықтау мәселелері қарастырылуда. Бұл жоба білім беру жүйесін жаңғыртып қана қоймай, жаңа серпін, жаңа леп әкеледі, деген сенім бар. Жаңартылған білім бағдарламаларын қолдана отырып, оқушылардың мектеп қабырғасында алған білімдерін өмірде қолдануға мүмкіндік туады. Мәселен, оқыту және оқу үдерісін жоспарлау, оқу мақсаттарының негізінде спиральдік құрылым жүйесін пайдалану, оқушылардың тілдік коммуникативтік дағдыларын дамыту, одан бөлек, бағалау форматының өзгеруі оның ішінде критериалды бағалау жүйесінің енгізілуі мүғалімдерге тың серпін береді. Сонымен қатар, білім мазмұнының оқыту мен тәрбиенің құндылықтарына бағытталғаны, пәнаралық және пәнішілік интеграциялануы, үш тілді білім беру мүмкіндіктерімен танысуы  өңір педагогтарының кәсіби әлеуетінің артуына ықпал етеді. Бұл ауқымды жұмыстарға өңірдегі білікті тренерлермен қатар Актау, Шымкент, Тараз, Қарағанды, Семей, Астана қалаларынан да білікті трениерлер тартылып, аймақ ағартушыларын оқытуда. Сондай-ақ Назарбаев зияткерлік мектептерінің ұстаздары да оқыту курстары барысында орта мектеп мұғалімдерімен өз тәжірибесімен бөліседі.  

Қызылорда өңіріндегі педагог мамандардың білім беру мазмұнын жаңартудағы байырқалы қадамдары уақыт талабымен үндесіп-ақ тұр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев  бес институционалдық реформасын жүзеге асырудыӊ 100 нақты қадамында «Функционалдық сауаттылықты дамыту үшін мектептегі оқыту стандарттарын жаңарту қажет» деген сөзі осы саланың өзектілігін аңғартады. Сондай-ақ  ол «Білім беру жүйесінде - жоғары сыныптар мен ЖОО-ларда ағылшын тілінде оқытуға кезеӊ-кезеӊмен көшу. Басты мақсаты – даярланатын кадрлардың бәсекелестік қабілетін арттыру және білім беру секторының экспорттың әлеуетін көтеру» керектігін назарға алды.

Қазақстандық білім беру жүйесіндегі өзгерістер бүгінде ілгерілеп келеді.   Мұны Сыр елі ұстаздарына көрсетіліп жатқан кәсіби қолдау мен ынталандыру шараларынан анық байқауға болады. Осының барлығы дамудың даңғыл жолына салатын  кемел білім негізі болмақ.  



Қаралым: 1016
Жарияланған: 03 Шілде