Білім беру ресурстары

Қазақстан Республикасының жалпы білім беру мектептерінің мұғалімдеріне көмек ретінде әзірленген «Жүйелік –әдістемелік кешен» порталы.


 

 

«Жүйелік – әдістемелік кешен» порталы, http://smk.edu.kz/ - орта білім мазмұнын жаңарту аясында Қазақстан Республикасы педагогикалық қызметкерлеріне әдістемелік қолдау көрсету мақсатында құрылған ауқымды онлайн платформа болып табылады.

Порталда оқу процесін ұйымдастырудың оқу-әдістемелік негізі болып табылатын Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты, типтік оқу жоспарлары, оқу бағдарламалары және жоспарлар тәрізді жұмысқа қажетті құжаттар бар.

«Сабақ жоспарлары» бөлімі бірінші және екінші сынып бойынша презентациялар, қалыптастырушы бағалау, дидактикалық материалдар, аудио және бейнематериалдар тәрізді қосымша материалдары бар сабақ жоспарларының үлгілері берілген. Бұл бөлімнің контентін толтыру Көкшетау және Талдықорған қалаларының жетекші практик-мұғалімдерімен қамтамасыз етілді. Материалдар оқу пәндеріне және оқу жоспарының тақырыптық бөлімдеріне сәйкес құрылған, бұл өз кезегінде сабақты жоспарлауда және оған дайындалуда ақпараттар ізденісін жеңілдетуге мүмкіндік береді.

«Критериалдық бағалау жүйесі» бөлімінде пайдаланушылар мұғалімдерге, аймақтық және мектеп координаторларына арналған критериалдық бағалау бойынша нұсқаулықтарды таба алады. Сонымен қатар, мұнда жалпы білім беру мектептері бағдарламары негізінде дайындалған қалыптастырушы бағалау тапсырмаларының жинақтары бар. Жиынтық бағалауға қатысты әдістемелік ұсыныстар, презентациялық ресурстар және бейнематериалдар, электрондық журнал нысаны, әдістемелік ұсыныстар да қоса берілген.

Бұдан басқа, оқулықтардың, жұмыс дәптерлерінің, мұғалімге арналған нұсқаулықтардың, тілді дамыту постерлерінің, оқу-әдістемелік кешенге қатысты бейненұсқаулардың электрондық үлгілері мұғалімге көмек ретінде порталға жүктелген.

Сондай-ақ, порталда форум қызметін атқаратын «Талқылау алаңы» бөлімі құрылған. Аталмыш форумда «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ қызметкерлері әртүрлі бағыттағы мамандандырылған кеңестермен қамтамасыз етеді. Мұнда мұғалімдерге белгілі бір бағытта талқылау ұйымдастыру, өз пікірлері мен ұсыныстарын жазу мүмкіндіктері қарастырылғанын айта кеткен жөн. 

Портал пайдаланушыларына техникалық қолдау көрсету қызметі тарапынан жүзеге асырылатын кері байланыс мүмкіндігі де ұйымдастырылғандығын атап кету қажет. Техникалық және ақпараттық-әдістемелік бағыттағы сұрақтарды қамтитын портал пайдаланушыларың хаттары күнделікті өңделеді. Сонымен қатар, сайттағы «Байланыс» опциясының төменгі жағында  «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ құрылымдық бөлімшелері қызметкерлерінің байланыс нөмірлері  ұсынылған.

Порталдың материалдарына қолжетімділік тіркеуден өткен барлық авторизацияланған пайдаланушыларға ашық. Аталмыш интернет ресурсының көмегімен мұғалімдер тек қана әдістемелік және консультациялық қолдауға ие болып қана қоймайды, сонымен бірге олар өз еңбектерін жариялап, форумда талқылау ұйымдастыру арқылы әріптестерімен тәжірибелерімен бөлісе алады.  

Осылайша «Жүйелік-әдістемелік кешен» порталы мұғалімдерге арналған ақпараттық-әдістемелік база, шығармашылық даму, кәсіби өркендеу және педагог мамандарының арасында ынтымақтастық орнату алаңы болуға әбден қабілетті деп танылып отыр.

http://smk.edu.kz/ порталына өту



Қаралым: 5508
Жарияланған: 13 Қырқүйек