Конкурстық іріктеу ережелері

Назарбаев Зияткерлік мектептеріне конкурстық іріктеу


2009 жылғы 14 наурыздағы №317 Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің - Елбасының «Өркен» білім беру грантын тағайындау ережесі мен мөлшеріне (бұдан әрі - Ереже) сәйкес, «Өркен» білім беру гранты конкурстық негізде тағайындалады.

Конкурсқа қатысуға «Назарбаев Зияткерлік мектептері» мамандандырылған білім беру ұйымдарының 7-9, 11 сыныптарында оқуға үміткер және Назарбаев Зияткерлік мектептері ДББҰ (бұдан әрі - Жұмыс органы) айқындаған талаптарға сәйкес құжаттарын ұсынған, білім беру ұйымдарының оқушылары болып табылатын Қазақстан Республикасының азаматтары жіберіледі. Конкурсты өткізу Ережелері үміткерлерге әлеуметтік-экономикалық статусына, тұрғылықты мекен-жайына және денсаулық жағдайына қарамастан тең дәрежедегі білім алуға құқық береді.

Конкурс екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде мектептердің бағыттарына сәйкес келетін бейінді пәндер бойынша, сондай-ақ қазақ, орыс және ағылшын тілдері бойынша үміткерлерді кешенді тестілеу жүргізіледі. Кешенді тестілеу екінші кезеңге іріктеу болып табылады. Екінші кезеңге жалпы сұрақтар санынан дұрыс жауаптардың қырық және одан да көп пайызын жинаған үміткерлер жіберіледі. Екінші кезеңде мектептердің бағыттарына сәйкес келетін бейінді пәндер бойынша жазбаша емтихандар өткізіледі.

Конкурстың екінші кезеңінің қорытындылары бойынша әр пән бойынша ықтимал ең жоғары балдың отыз және одан да көп пайызын алған үміткерлердің материалдары білім беру саласындағы уәкілетті органы (бұдан әрі - Уәкілетті орган) айқындайтын тәртіппен «Өркен» білім беру грантын тағайындау ережесі мен мөлшері жөніндегі Республикалық комиссияның (бұдан әрі - Комиссия) қарауына енгізіледі.

Үміткерлердің материалдарын қарау қорытындылары бойынша комиссия грантты тағайындау ережесі мен мөлшері туралы түпкілікті шешім қабылдайды. Грант конкурс нәтижелері бойынша неғұрлым жоғары бал жинаған үміткерлерге нақты мектептер бойынша бөлінген гранттар шегінде тағайындалады.

Комиссия орта білім беру саласында қызмет ететін Білім министрлігінің және басқа да мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың, республикалық қоғамдық кәсіпорындарының өкілдері қатарынан құрылады. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым Министрі комиссия төрағасы болып табылады. Комиссия шешімі хаттамамен ресімделеді.

Конкурстың екінші кезеңінде ықтимал ең жоғары балдың отыз және одан да көп пайызын жинаған, бірақ бос орынның болмауына байланысты мектепке қабылданбаған үміткерлер оқу жылы ішінде орын босаған жағдайда оларды оқуға шақыру мақсатында комиссия бекітетін резервтік тізімге енгізіледі. Резервтік тізімге енгізілген үміткерлерге оқу жылы ішінде қосымша конкурссыз грант тағайындалады. Резервтік тізімнен грант тағайындау туралы шешім комиссия хаттамаға қол қойған күнінен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірілмей уәкілетті органның интернет-ресурсында жарияланады.

Конкурстық іріктеуді өткізу немесе резервтік тізімнен үміткерді айқындау кезінде оқушыларды мектепке қабылдау балл саны тең болған кезде:

1)  соңғы оқу жылындағы үлгерім табелінің орташа балы жоғары болған;

2)  бірінші кезеңнің қорытындылары бойынша балы ең жоғары үміткерлер басымдыққа ие болады.

Оқушыларды конкурстық іріктеудегі ДББҰ басты стратегиялық серіктесі – Педагогикалық өлшеуіштер институты (Нидерланд).


Қаралым: 2010
Жарияланған: 15 Қырқүйек