Президент

Назарбаев Университетінде Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың интерактивтік дәрісіне пікірлер


 

      Сіздің назарыңызға Назарбаев Университетінде Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың "Қазақстан білім қоғамы жолында" интерактивтік дәрісіне пікірлер

 


Күляш Шәмшидинова, "Назарбаев Зияткерлік мектептері" ДББҰ Басқарма Төрайымы


   - Мемлекет басшысының миллиондаған аудиторияның алдында Назарбаев университетінде оқыған  "Қазақстан  білім қоғамы жолында" атты лекциясы жаңа оқу жылының маңызды оқиғаларының бірі болды. Білім беруде  халықаралық өлшемдер бойынша өзінің жоғары стандарттарын қалыптастырып жатқан Назарбаев университетіне  түсу оңай емес, сондықтан Назарбаев Зияткерлік мектептерінің  педагогикалық  ұжымдарының алдында маңызды міндет тұр. Аталған мақсатқа қол жеткізу үшін, ең алдымен бізде жақсы білім беру бағдарламасы, жоғары білікті ұстаздар болуы керек, өйткені ең алдымен балалардың білім сапасы ұстаздардың дайындық деңгейіне байланысты болады. Сондықтан, біздің міндетіміз Зияткерлік мектептердегі оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастыруды жоғары деңгейге жеткізу, педагогикалық кадрлардың кәсіби дамуын қамтамасыз ету. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы айтқандай, қазіргі кезде инженерлердің, дәрігерлердің, химиктердің,  биологтардың және өзге де нақты ғылымдар мен "жаратылыстану мамандықтарының" өкілдерінің жетіспеушілігі байқалуда. Жақын арада Үшінші индустриалдық револоюция үшін жаңа инфрақұрылымды қалыптастыру үшін  интернет технологиялар мен қалпына келтірілетін қуат көздері бірігетін болады. "Энергетикалық интернет" миллиондаған адамдарға өз үйлерінде, кеңселері мен зауыттарда таза қуат өндіріп, оны еркін алмасуға мүмкіндік береді. Сондықтан Зияткерлік мектептердің оқу бағдарламаларында  біз балалардың жаратылыстану-ғылыми пәндер циклін үйренуіне баса назар аударамын, бұл болашақта  олардың Назарбаев университеті мен әлемнің өзге де жетекші жоғары оқу орындарына түскен сәттерінде техникалық мамандықтарды таңдаулары үшін жасалып отыр. Ал, бұл өз кезегінде біздің елдің экономикасына  негіз болатын  қуатты  ғылыми пластты қалыптастырады.
 

 

  Раисова Кульфарида Бабагумаровна, Өскемен қаласындағы химия-биология бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры

- Менің ойымша, Елбасының бүгінгі «Қазақстан білім қоғамы жолында» атты жолдауында бүгінгі Назарбаев Зияткерлік мектептерінде отырған әрбір оқушыға зор сенім арта отырып, ғылым саласын дамыту жолында әркімге тапсырма бергендей болды және әр мұғалімге кәсіби даму дағдысын дамыта түсу керек қажеттілігінің маңызын айрықша атап өтті. Бұл тапсырма баланың бойындағы қабілеті мен мүмкіндіктерін ашып, бүгінгі қоғамда болып жатқан өзгерістерді байқап, бағамдап оны шетелдік жаңалықтармен салыстырып, экономика, білім саласы жағынан жан-жақты жаңалық ашып, Қазақстанның даму жолына үлес қосу мақсатында болу керектігі айқын аталып өтті. Сол үшін озық технологияларды жете меңгеріп, дамыған елдердің қатарынан табылып қана қоймай, олардан да асып түсер қырларымызды дамыта түсу керек және ол үшін талап пен еңбек жолын таңдауымыз қажет екендігін басымдықпен айтып өтті. Осы бағдарды жүзеге асыру үшін Назарбаев зияткерлік мектептері де барын салуда. Мысалы, Лондонда өткен олимпиядан біздің оқушылар 280 медаль мен жетістіктер грамотасын  тарту етсе, мектебіміздің биылғы тұңғыш 80 түлегінің 16-сы алтын белгі иегері болып, оның 14-і Назарбаев университетінің студенті атануы – біз жасап жатқан жұмыстың нәтижелі көрсеткіштері деп есептеймін. Оқу жылының басындағы, 5 қыркүйектегі, осы білім жолындағы Елбасының лексиясы өте қажет, өте тартымды және болашаққа деген жоспарымыздың данғыл жолын айқындап берген бағдар шам сияқты көрінді маған. Енді жол түзу, бағыт анық, жоспар нақты тек осыны іске асыру үшін барлық күш жігерімізді жинап, биік мақсаттар жолында талмай еңбек ету қажет.

 

Еңлік Дусипова, Талдықорған қаласындағы физика математика бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12 «А» сынып оқушысы 

 

Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаевтың биылғы интерактивті дәрісінде жаңа инновациялық технологиялар мен орта және жоғары оқу орындарының соңғы жаңалықтары тілге тиек болды. Мемлекет басшысы өз сөзінде көзделген шаралар жас ұрпақтардың міндеттерін жаңғыртуға бағытталғандығын ерекше қадап айтты.


Жастардың, әсіресе жоғарғы оқу орындары студенттерінің сапалы білім алуы басты стратегия болып табылатыны тыңдармандарды біраз серпілткендей болды. Сонымен қатар, білім-ғылымды дамыту мақсатында  ашылған «Білім» телеарнасының берері мол деп ойлаймын. Қазіргі XXI ғасырдың талабы өзгеше болғандықтан, жаңа «Қазақстан элитасын» тәрбиелеу бағытында «Балапан» бағдарламасы жүзеге асырылып, өз жемісін беруде. Назарбаев Университеті  - халықаралық стандарттарға сай еңселі, еліміздегі ең беделді білім ордасы. Аталған білім шаңырағында түрлі сала кадрларын дайындау мәселесі  басты назарда. Президенттің сөзіне сүйенсек, жоғары бизнес мектебі, жоғары мемелекеттік саясат мектебі және медицина мектептері жақында ашылады.


Менің ойымша, жастар тәрбиесіне, білім мен денсаулық мәселесіне көп көңіл бөлгені дұрыс, себебі Қазақстанның атын, көк байрағын көтеретін – жастар. Сондықтан Президенттің бұл позициясын қолдаймын. Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы болғандықтан, Елбасының әр айтқан сөзіне сенімдімін. Елбасының өз өмір тәжірибесімен байланыстыра отырып, өрбіткен дәрісі өте әсерлі де мазмұнды болды. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» дегендей еңбекқор адам ғана алға шығады, өседі, өркендейді. Ендеше, Елбасының да көздегені – еркін елдің ертеңі – жастардың білім мен еңбек жолындағы қажырлы қайраты.

 

Қанат Еділұлы Тұрғанбаев, Өскемен қаласы Назарбаев Зияткерлік мектебінің қазақ тілі мен әдебиет пән мұғалімі

– Елбасымыздың жолдауы қашан да зейінмен тыңдаған адамға ерекше әсер қалдырады. Елімізде немесе әлемде болып жатқан күрделі мәселелердің себебі мен салдарын тиянақты да, өте сауатты жеткізе білу қасиетін аса бағалаймын. Бүгінде өткен «Қазақстан білім қоғамы жолында» атты дәрісінің де, менің ойымша, Елбасымыздың жастарға жолдаған, олардың жүрек нұрын ашар сәулелі биік дәрістерінің қатарынан табылатынына сенемін. «Өз ресурстарына сеніп, әлем айдынында өз жолымен жаңа биіктерге ескегін ескен құбыласы тең жас елімнің бүгінгі тыныштығын сақтауымыз керек» немесе «Білім революциясының жаңа кезеңіне батыл қадам жасау керек» деген жігерлі сөздері шынымен бойыма талап нұрын сепкендей болды.


Назарбаев Зияткерлік мектебінде қызмет атқарып жүргеніме бір-ақ жылдың көлемі болса да әр түрлі алдыңғы қатарлы шет елдік әріптестеріміздің жүргізген тренинг-курстарының арқасында ондаған жылдардың танымын танығандай болдым. Білім жүйесіне деген мүлдем басқа көзқарасым қалыптаса бастады. Әрі еңбек-талаптың арқасында болашақтағы жаңа зиялы қоғамның қалыптасуына үлес қоса алатындығыма мақтанамын. Сондай-ақ мұғалімдік қызмет жолымда кәсіби дамуыма сондай мүмкіндік тудырып, жағдай жасап отырған Елбасымызға алғысымды да айтқым келеді. Бүгінгі дәріс, мен үшін, қызметтік жолда талабымды ұштай түсер серпінді идеяға толы дәріс болды және мен сол үшін де қуаныштымын. Жас талапкерлер мен мұғалімдердің келешекте Елбасымыздың бүгінгі айтылған жалынды сөзін ұран етіп, талай биік белестерді бағындыратынына да кәміл сенемін.

 

София Омарова, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті, Ғылым және коммерцияландыру орталығының аға ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты, Көкшетау қаласындағы физика-математикалық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12 «В» сынып оқушысы Омар Әйгерімнің анасы

Бүгін 2012 жылдың 05 қыркүйегінде еліміздің білім беру саласында қызмет істейтін оқытушылар мен олардың шәкірттері Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстан білім беру жолында» дәрісін аса қызығушылықпен тыңдады. Елбасының дәрісі өте мазмұнды және қызықты өтті. Елбасының әрбір сөзі сөзді ұғамын деген ақылды азаматқа қайсар рух береді, бойына патриотттық сезім ұялатып, жігерін шыңдайды. Ол елдің болашағын таза қағазда ап-анық көріп тұрғандай. Елбасы елдің әр азаматына бірінші кезекте білім қажет және оның  жарқын болашағы үшін білім мен ғылымның мәні ерекше екендігін баса айтты.


Барлық қазақстандықтардың мақсаты – жай ғана өмір сүру емес, инновацияның негізінде қоғамның құндылықтарын сақтау, оны әрі қарай көбейту, дамыту және нығайту деді. Еліміздегі бала бақшадан бастап, орта мектептер мен колледж және жоғары оқу орындарында білім беру жүйесін жаңғырту, инновациялық әдістерді тиімді қолдана отырып, білім беру сапасын жақсартып, жетілдіру мәселелерін шешудің нақты жолдарын атап кетті. Индустриалды революцияға қол жеткізу үшін, білім мен ғылымды, инновацияны дамытудың маңыздылығын баса айтты.


Елбасы әр адам өз Отанының дамуына қандай үлес қосып жатыр деген қызықты сауалды көтеріп, осы сұрақтың төңірегінде әркімнің ой өрбітулеріне мүмкіндік берді. Елбасы айтқандай, қоғамымыз жылдам дамуы үшін, жан-жақты білімді, еңбекқор азаматтар  қажет. Олар көпұлтты, түсіністік пен тыныштыққа негізделген еліміздің дамуы үшін тапжылмай еңбек етулері керек. Отанымыз өркендесе, онда өмір сүріп жатқан әр азаматтың жағдайы, болашағы жарқын болады деген тілек айтылды. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың оқытушылар мен оқушылар және студенттер қауымына білім, ғылым туралы айтқан нақыл сөздері өмір ұстанымдарына айналатынына сенімдеміз.

 

Гүлназ Сарсенбаева, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық өлшеулер орталығының эксперті, Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының аға оқытушысы
 
«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы Педагогикалық шеберлік орталығының Кембридж университетімен бірлесіп әзірлеген мұғалімдер біліктілігін арттырудың үш айлық курсына арналған бағдарлама кәсіби қоржыныма оқытуды бағалау  және оқыту үшін бағалау, жалпы оқытудағы жаңа тәсілдер жайында оң өзгерістер енгізді.


Сәуір-маусым айларында өткізілген курста эксперт ретінде тәжірибедебағалау барысында Бағалауға арналған нұсқаулықта (Кембридж халықаралық емтихандық кеңесі және Педагогикалық өлшеулер орталығы, 2012) берілген бағалау құралдарының үлкен көмегі болды, мысалы, бағалау принциптері (валидтілік, сенімділік, жеткіліктілік, дұрыстық, әділдік), үш түйінді критерий, бағалаудың халықаралық стандарттары, бағалау матрицасы, мадақтау сэндвичі, конструктивті пікір айта білу.


Түйіндеп айтқанда, адамның басы, денесі, қолы, аяғы т.б. мүшелері тәрізді оқыту үдерісі де (құрауыштары – мақсат, түрткі (уәж), мазмұн, құрал, форма, тексеру, бағалау, нәтиже) біртұтастықта қолдануды қажет ететін күрделі механизм. Бенджамин Блум да өзінің 1956 жылы ұсынған таксономиясында бағалау, баға беру – ойлаудың жоғарғы деңгейі деп көрсетеді. Дұрыс, әділ  бағалау, кері байланыс орнату оқытуда оң нәтиже береді деп есептеймін. Бізге бағалау жөнінде үйреткен Кембридждік эксперттер әр адам – бағалаушы екенін мысалдар келтіре отырып айтқан болатын. Сол пікірмен келісемін.


Ұлы хакім Абайдың он бесінші қара сөзіндегі: «Егерде естілердің қатарында болғың келсе, күніне бір мәрте, болмаса жұмасына бір, ең болмаса, айына бір өз-өзіңнен есеп ал!» деген өсиетін «оқыту теориямызда», бағалау тәжірибемізде үнемі қолданғанымыз абзал.

 

Өтебаев Жақсылық, Көкшетау қаласындағы физика - математика бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12 «В» сынып оқушысы Сымбат Құланованың әкесі

Елбасының «Қазақстан білім қоғамы жолында» тақырыбында оқыған дәрісі өте құнды болды. Ақпараттық-технологиялық ғасырда, білім мен ғылымның жаңалықтары тез дамып, білім беру модельдері ауысып жатқанда, студенттер мен оқушылар, жалпы еліміздің жастары да одан шет қалмау керек. Елбасы өзі айтқандай: «21 ғасыр білекке сенетін заман емес, білімге сенетін заман». Осы тұрғыдан келгенде Елбасы еліміздің жастарына бар жағдайды жасауда. Бүгінде елімізде жаңадан бой көтеріп жатқан мектептер, балабақшалар соның дәлелі. Астанадағы Назарбаев университеті мен Алматыдағы Қазақстан-Британ университетін айтуға болады. Назарбаев университетінде әлемнің ең үздік жоғары оқу орындарының профессорлары дәріс береді. «Болашақ» бағдарламасымен әлемнің 32 елінде еліміздің жастары білім алуда.


Бүгінде жоғары технологиялық және ғылыми қамтымды өндірістері үшін кадрлар қорын жасақталуда. Қазақстан жоғары оқу орындарында әлемдік стандарттар деңгейінде білім беруде. Елбасымыздың салиқалы саясатының арқасында ЮНЕСКО-ның деректері бойынша еліміз білім беруді дамыту индексі бойынша көшбасшы елдердің алғашқы төрттігінен берік орын алған. Біздің жастардың өз елінде де, шет елдерде де озық білім алуға мүмкіндіктері бар. Білімді ұрпақ – ел болашағы десек, еліміздің жас ұрпаққа жасаған жақсылықтары еліміздің ертеңіне деген нық сенімі дер едім.

 

Камшат Нарботаева, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ-ның Педагогикалық өлшеулер орталығының менеджері, «Болашақ» бағдарламасының түлегі (Манчестер Метрополитан Университеті, Ұлыбритания)


Елбасымыздың «Қазақстан білім қоғамы жолында»  тақырыбындағы интерактивті дәрісінен менің алған әсерім зор. Ол мен сияқты жастарды білім жолын қууға және сол алған білімін Қазақстанның өркендеуі жолында еңбек етіп, жұмсауына ынталандырды. Елбасымыздың бұл дәрісі Қазақстанның болашағы білімді және еңбекқор жастардың қолында екендігін, яғни біздің білім жолындағы жетістіктеріміз, ізденістеріміз мен қызметіміздегі тынымсыз еңбектеріміз Қазақстанның экономикалық және инновациялық-технологиялық жағынан одан әрі  дамуына берік негіз  болып табылатындығын тағы бір дәлелдегендей болды. Елбасымыз Болашақтықтарға үлкен сенім білдіретінін тағы қайталап өтті.

 

Болашақ бағдарламасы маған  өз мамандығымды халықаралық дәрежеде игеруге, бәсекеге қабілеттілікке және жан-жақты болуға үлкен мүмкіндік берді және ғылыми жұмысқа деген, өмірдің түрлі салалары туралы ақпаратты саралау және бағалауға деген ікемділік, тілдерді еркін меңгеру, өзімді жетілдіруге деген талпынысым  менің кәсіби  дамуыма кепіл болып табылады. Елбасымыздың дәрісі менің қазір сол алған білімімді өз қызметімде Қазақстанның болашағы үшін барынша пайдалануыма ынталандырды. Осылай, менің Болашақ бағдарламасының түлегі ретінде біздің мемлекетіміз мен қоғамымыздың дамуына және гүлденуіне өз үлесімді қосуға мүмкіндігім бар».  

 

Лаура Палуанова, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ-ның Педагогикалық өлшеулер орталығының аналитика бөлімінің менеджері, «Болашақ» бағдарламасының түлегі (Шеффилд Университеті, Ұлыбритания)

 

Елбасының Назарбаев Университетінде оқыған дәрісі тыңдарманның қайсысын болса да немқұрайлы қалдырмағаны сөзсіз.  Сөйлеген сөзінде мемлекет басшысы еліміздің аз ғана уақытта қол жеткізген жетістіктерін айта отырып, оның ары қарай дамуына бағыт-бағдар берді. Нұрсұлтан Назарбаев кемелді де өркениетті ел болу үшін елімізде ғылым, білім  және инновациядан тұратын триаданы қалыптастырудың маңыздылығын баса атап өтті. Жаһандану заманында дүниежүзілік аренада орын алу үшін елдің бәсекелесуге қабілетті адами капиталы, дәлірек айтсақ, білімді де білікті мамандары болуы керек.

 

Елбасының  әсіресе осы мақсатта жұмыс істеп келе жатқан Болашақ бағдарламасы, Назарбаев зияткерлік мектептері мен Назарбаев Университетінің түлектеріне көп сенім артатындығы жастарға серпін беретіндігі анық. Болашақ бағдарламасы түлегі ретінде, Президенттің айтқан ойлары мен берген тапсырмаларын толығымен қолдаймын. Себебі дәл осы бағытты ұстанатын елдің болашағы жарқын екендігіне кәміл сенемін.











 


Қаралым: 17985
Жарияланған: 26 Қырқүйек