News

Тәрбие мен оқытудың сабақтастығы


 «Қазақстан тарихы» пәнінің басты ерекшеліктеріне тоқталар болсақ, бірінші мақсат – Қазақстан тарихын процесс тұрғысында, атап айтқанда, осы территорияда орын алған тарихи процестердің бірізділігі мен біртұтастығын сақтап, спиралдық даму негізінде біртұтас тарихи фактілерді қабылдайтын әлем картасын оқушыға игерту болды. Екінші мақсат – ежелгі дәуірден бүгінге дейінгі, атап айтқанда 1 млн жыл бұрын және XXI ғасыр аралығын қамтитын ұзақ мерзімді тарихтың әлеуметтік, мәдени, саяси, экономикалық қалыптасу және дамуының негізгі кезеңдерін оқытып қана қоймай, Ұлы дала көшпелілер өркениеті мен Қазақ мемлекеттілігі тарихын оқушылардың біртұтас қабылдауына қол жеткізу. Үшінші мақсат – Қазақстан тарихында өшпес із қалдырған тарихи тұлғалардың рөлін талдау, жүйелеу, сол арқылы қазақстандық патриотизмді қалыптастыру, осы тұлғалардай туған Отанына елеулі еңбек ету құндылығын оқушыларға жеткізу көзделді.

Осы тұрғыда, сабақ барысында тарихи мәліметтерге сараптама жасау, деректер мен жәдігерлерді, фактілер мен құбылыс, ұғымдарды иге­ру арқылы сыни тұрғыдан ба­ға беру, бүгінгі оқиғалардың ма­ңызын түсінуде тарихи білімді қол­дану, дәйекті қорытындылар жа­сау дағдыларын дамыту қолға алынды. Сабақтан тыс уақытта та­рихи мұраны сақтау және оны келешек ұрпаққа жеткізу мақ­сатында Қазақстан тарихы, Қазіргі әлемдегі Қазақстан, Гео­графия, Өнер, Қазақ тілі және әдебиеті пәндерінің оқу бағдар­ламаларының негізінде «Туған елге тағзым» өлкетанулық-зерт­теу экспедициясы, «Екі апта ауыл­да» әлеуметтік тәжрибесі, «100 күйдің тарихы», «Қазақ ән­дері», «Зияткерлік мектеп оқушы­сына оқуға ұсынылатын 100 кі­тап» және басқа да көптеген әлеу­меттік жобалар дүниеге келді. Мысалы, «Туған елге тағзым» экспедициясының «Қазақстанның ежелгі қалалары» маршрутымен Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушы­лары Сарайшық, Оты­рар, Сауран, Сайрам, Бозоқ қала­ла­­рына саяхат жасады, архео­ло­­гия­лық экспедицияларға қа­тыс­ты. Бұл Қазақстан тарихы бағ­дар­ламасының 7-сыныбында қарас­тырылған «Тарихи оқиғалар мен процестердің сабақтастығын си­пат­таудағы «Ұлы дала» ұғымын қол­дану» мақсатына сәйкес келе­ді. Бұдан өзге экспедицияның ай­­шық­ты маршруттарының бірі – «Семей және Жидебай өлкесі». Жоғары сыныпта Қазақ тілі жә­не әдебиеті пәнінен Мұхтар Әуе­зов­тің «Абай жолы» романын бір тоқсан оқитынын ескерсек, оқу­шылардың экспедиция барысында Абай үйіндегі алған әсер­лерімен бөліскен эсселерін оқу түрлі патриоттық сезімдерге жете­лейтінін атап өткім келе­ді. 7 сыныптарға арналған Қазақстан тарихында «Күй, аңыз, ше­жіре, эпостық жырлардың тарихи д­е­рек­көзі ретіндегі маңызды­лы­ғын айқындау» бөлімі бар. Осы негізде еліміздегі 20 зияткер­лік мектептің өрендері өз аймақ­тарына қатысты 5 күйдің тарихын зерттеу жобасын жүзеге асы­рып келеді. Нәтижесінде, «100 күйдің тарихы» жобасы ар­қы­лы әр аймағымыздағы орын ал­ған оқиғалардың негізінде хал­қымыздың мәдени мұрасын зерттеуге қол жеткіздік. Осы арқылы еліміздің білім беру жүйесінің даму жолындағы бетбұрысты ке­зең – жаңартылған орта білім маз­мұнының негізі қаланған уақытта біз, жас мамандар ретінде, жаңа ғасырдағы қазақ мектебінің заманауи мазмұнын қалыптастыруға үлес қосып келеміз.

Өз кезегінде Назарбаев зият­кер­лік мектептерінің гумани­тар­лық бағыттағы Қазақстан тарихы, Қазіргі әлемдегі Қазақстан, География, Өнер, Қазақ тілі және әдебиеті, Орыс тілі және әдебиеті, Дүниежүзі тарихы пәндеріндегі контенттің тәрбиелік компонентін және аталған пәндердегі аймақтық ерекшеліктердің ескерілуін зерделеген сараптамалық топтың мүшелері – Назарбаев зияткерлік мектептерін дамыту департаменті директорының орынбасары, магистр Аида Ағаділ, Орал қала­сын­дағы зияткерлік мектебі директорының орынбасары, қа­зақ тілі және әдебиеті пәнінің мұға­лім-модераторы Эльвира Ай­ды­налиева, Талдықорған қа­ла­сындағы зияткерлік мектебі ди­рек­торының орынбасары, тарих пәнінің мұғалім-эксперті Роза Би­таева, Павлодар қаласындағы зият­керлік мектебінің тарих пәнінің мұғалімі, магистр Нұрболат Те­ми­ров, Өскемен қаласындағы зият­керлік мектебі директорының орынбасары, мұғалім-эксперт Гүлшат Мұхтарханова секілді әріптестерімізбен NIS programme бағдарламасы аясында тәрбие са­ласындағы гуманитарлық тех­но­логиялардың маңызын са­раптадық.

Білімнің дамуы – бүгінгі адамзат өркениетінің өлшемі, қоғам дамуының басты көрсеткіші болып қала береді. Қазіргі қоғам мен оның аса шапшаң өмір ырғағы үнемі жетіліп, жаңарып отыруды талап етеді. Білім жүйесінің негізгі міндеті – ғаламдық бәсе­кеге қабілетті, білімді ұрпақ қа­лып­тастыру.

Тәуелсіздікке қол жеткізіп, мемлекетіміздің стратегиялық ба­­ғыт­­тары анықталған сәтте Тұң­­ғыш Президент – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев білім саласының басымдығын көтеріп, халқымыздың интеллектуалды дамуының басты діңгегін білім мен ғылым деп айқындады. Атап айту керек, қазақстандық білім беру осы бастамалардың аясында бұрын-соңды көрмеген, қарқынды ілгерілеу кезеңіне аяқ басты. Ғаламдық инновациялық толқындар күші халқымыз бен қоғам өмірінің ырғағын лезде өзгертуде. Бүгінгі таңда оқу, үз­діксіз оқу, білімді жетілдіру адам өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Білім саласын жаңартуға арналған ұлттық жоба құрамында, мектептегі оқу бағдарламасының ұлттық мазмұнына көптеген педа­гогикалық қызметкерлер мен ғалымдардың өлшеусіз еңбе­гіне негізделген қолтаңба бар екен­дігін атап өтемін.

Жұлдыз СҮЛЕЙМЕНОВА,

Алматы қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры,
PhD докторы

 

https://egemen.kz/article/213938-tarbie-men-oqytudynh-sabaqtastyghy



Просмотров: 59
Published: 20 November